Қызылсай ауылында жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуге ыңғайлы болуы үшін коммуналдық қызметтер шоғырланатын нысан салу жоспарлануда. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев ауыл тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-на сілтеме жасап.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев жұмыс сапарымен Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылына барып, елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Жиынға Жаңаөзен қаласының және Қызылсай ауылының әкімі, жауапты қызмет органдарының басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.
Алдымен, Қызылсай ауылының әкімі Расул Әбішаев өткен жылдың қорытындылары және елді мекенді одан әрі дамыту жоспары туралы баяндады. Өткен жылы ауылда жұмыссыздық бойынша есепте 515 адам болған. Биыл 272 адам жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеуге көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимаратында үш рет жөндеу жүргізілді. Мұнда жедел жәрдем қызметінің жұмысы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Қызылсай ауылында барлығы 7500 адам тұрады.
Облыс әкімнің бірінші орынбасарымен кездесуге келген ауыл тұрғындары азық-түлік бағасының өсуі, білім және медицина саласындағы кадрлардың тапшылығы, жолдардың жай-күйі және ұялы байланыс сапасына қатысты сұрақтар қойды.
Тұрғындар жануарлардың ауруларын зерттеу бойынша арнайы зертхана, сондай-ақ, ат спортын дамыту үшін ипподром ашуды ұсынды. Сонымен қатар, Қызылсай-Сайөтес жолын қайта жаңарту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары коммуналдық қызметтердің өз ғимараты жоқ екенін айтып, бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қызмет көрсету проблемаларына алып келетінін айтты.
-Бұл мәселені шешу үшін газ, энергетика, коммуналдық мекемелердің қызметкерлеріне арналған ғимарат салу мәселесін қарастыру қажет. Халыққа ыңғайлы болу үшін кез келген қызмет көрсету бір жерде шоғырлануы тиіс, - деді Жұмабай Қарағаев.
Жиыннан кейін Жұмабай Қарағаев азаматтарды жеке қабылдады.