Балық шаруашылығы комитеті өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылу себептері туралы қорытынды ақпаратты жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2022 жылғы 7 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауында жүргізілген рейд барысында 172 итбалықтың өлі өлексесі табылды.
Итбалықтардың өлу себептерін анықтау үшін ҚР Министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті ғылыми ұйымдарды - Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығын, «Гидробиология және экология институты» мекемесін, “Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы” ЖШС, “Қолданбалы экология агенттігін” тартты. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар: Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бөлімшелері қатысқан.
Ғылыми ұйымдар мен құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған жұмыс тобы Каспий итбалықтарының қырылуының негізгі себебі - вирустық жедел пневмония болып табылады деген қорытындыға келді.
«Теңіз жануарларының иммунотоксикалық элементтермен және қосылыстармен созылмалы улануы олардың иммунитеті мен жалпы ағзаға төзімділігінің төмендеуіне байланысты жұқпалы ауруларға бейімділігінің артуына ықпал етеді. Осылайша, 2022 жылдың қарашасында табылған Каспий итбалықтарының қырылуына жануарлардың иммунитетінің төмендеуінен, соның ішінде олардың мекендейтін ортасының ластануынан туындаған вирустық инфекциялар салдарынан асқынған пневмония себеп болды», - деп хабарлады ведомство.