Бақытгүл Жақсылықова көптеген жылдар бойы оқушыларға ғана емес, педагогтерге де білім беріп келеді. Ол өзінің педагогикалық қызметінің отыз жылында облыс пен ел ауқымында ғана емес, Орталық Азияда да өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жарты ғасыр бұрын Семей облысы Үржар ауданында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мен инженердің отбасында тұңғыш баласы-Бақытгүл дүниеге келеді. Мектеп қабырғасында-ақ оның өскенде кім болатыны айқын еді. Озат оқуымен қатар, еңбекқор мінезі, сондай – ақ көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленді. Сыныптастары оны батылдығы, мейірімділігі мен жауапкершілігі үшін құрметтеді. Ол бәріне жаңа тақырыпты игеруге немесе үй тапсырмасын орындауға көмектесуге дайын болды. Оны ұстаздары да жақсы көрді.
Алматыдағы қыздар институтының химия және биология мамандығын тәмамдаған соң, Алматыдағы №36 мектепте мұғалім болып өз жұмысын бастайды.
Арада біршама уақыт өткен соң өзінің туған жеріне оралып, Крупская атындағы мектепте ұстаздық етеді. Осы мектепте ол «Ең үздік ауыл мұғалімі-2004» республикалық байқауына өтінім береді. Байқауға ел бойынша 300 ден астам ұстаздар қатысып бақ сынаған еді. Финалда әділқазылардың шешімімен жас ұстаз Бақытгүл Омарханқызы гран-при иегері атанады.
2009 жылы кейіпкеріміз Ақтау қаласына қоныс аударып, «Дарын» қосымша білім беру орталығына әдіскер болып орналасады. Нәтижелі жұмысының арқасында көп ұзамай, директордың орынбасары қызметіне ауысады.
2010 жылы Бақытгүл Омарханқызы дайындаған маңғыстаулық оқушылар әртүрлі ғылыми жобалар мен байқауларға қатысып, өңірге жаңа жетістіктер алып келеді. Осындай нәтижелер 2015 жылға дейін жалғасты.
Оның қызметтегі келесі сатысы – Ақтаудағы химия және биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жағынан орынбасары болды.
-Ол мектепте мен алты жылдай еңбек еттім. Жаңа әдістер, жаңа идеялар мен жаңа орта мені одан сайын шабыттандырды. Көп нәтижеге барлығымыз бірігіп қол жеткіздік. Оқушылар тек жоғары нәтижелер көрсетті, - дейді Бақытгүл Омарханқызы.
Бақытгүл Жақсылықова тәрбиелеген ондаған оқушылар республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Мектепті үздік тәмамдап, елдің беделді оқу орындарына түсті. Кейбірі қазір сол оқуларын Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропада жалғастыруда.