22-ақпан күні Қарақия ауданына қарасты Бостан, Құланды және Сенек ауылдарының жұмыссыз тұрғындары Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар West Oil компаниясында босаған жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды талап етуде.
-Осыған дейін сіздер мұнай саласында бос жұмыс орындары жоқ деген сылтау айтып келдіңіздер. Соңғы жаңалықтарға сенсек, “West Oil”мекемесінде көптеген бос жұмыс орындары пайда болуда. Жанұямыздың асыраушысы бола тұра біздің жұмыссыз отырғанымыз намысымызға тиеді. Сіздер ұсынып келген айлықтар қара басымызды бағуға да жетпейді. Осыған орай, бізді қажет болса қосымша даярлаудан өткізіп, “West Oil” мекемесінде пайда болған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды талап етеміз!, делінген бейнеүндеуде.
Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпан күні “West Oil” компаниясының басшылары жұмысшылардың ұзақ мерзімді заңсыз ереуілі 900 млн теңге шығын әкелгенін және ереуілшілер жұмысқа шықпаса, 24 ақпаннан бастап жұмыстан шығара бастайтынын мәлімдеген болатын.
Мәлімдемеден кейін 94 қызметкер жұмыстарына қайта оралды. Басшылық егер ереуілшілер райынан қайтпаған жағдайда, олардың орнына жұмыссыз тұрғындарды қабылдайтындарын айтты.
Осыған дейін әлеуметтік желіде Жетібай және Құрық ауылдарының жұмыссыз тұрғындарының да “Westoil Software” ЖШС босаған орындарға жұмысқа орналастыруды талап еткен бірнеше бейнеүндеуі жарияланған болатын.