Маңғыстау облысына іссапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Құрық теңіз портына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта Құрық теңіз порты арқылы жүк тасымалын арттыруды көздеп отыр.
- Құрық теңіз порты – еліміз егемендік алғаннан кейін ашылған тұңғыш порт. Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі. Қазір мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 5 өте маңызды бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Бағдарлама аясында Харгос-Достық және Қытай мемлекетімен шекара маңындағы сауда экономикалық аймақтарды дамытуды көздеп отырмыз, - деді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин ел үкіметі экспортты дамыту жобасы бойынша Қырғызстан Республикасымен мен еліміздің шекаралық аймағына сауда-логистикалық кешенін, Өзбекстан Республикасымен екі арада халықаралық кооперация орталығын, Орал қаласына үлкен Еуразиялық логистикалық орталығын салуды және Құрық теңіз портын дамытуды жоспарлап отырғандарын айтты.
- Былтыр желтоқсан айында Құрық портынан «Қазақмыс» корпарациясының өнімі тиелген бірінші жүк кемесі өтті. Құрық теңіз портына көп жүк кемесі қажет. Порттың болашағы өте үлкен. Қазіргі уақытта «Semurg Invest» компаниясына қарасты Құрық порты «Abu-Dhabi» портымен өзара келісімшартқа қол қойды. Келісімшартқа сәйкес, биыл Құрық портына 2 кеме, жалпы толығымен 6 кеме келеді. Әр кеме 8 мың тонна жүк алып келеді. Яғни, Қытайдан басталатын сауда жолы Құрық теңіз порты арқылы Абу-Даби портына дейін барады. ҚР Үкіметі күнделікті назарын Құрық портына аударып отыр, - деді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.