Маңғыстауға ҚР энергетика вице-министрі Асхат Хасенов іссапармен келді. Іссапар барысында «Қаламқас теңіз - Хазар» кен орындарын игеру жөніндегі жобаға қатысты алғашқы жиын өткізді. Басты мақсат - аталған жобаны кеңірек түсіндіріп, қажетті қызмет көрсетулер мен тауарларды анықтау, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Басқосуға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және ҚР энергетика министрлігі өкілдері мен «Қаламқас Хазар Оперейтинг» ЖШС өкілдері қатысты.
- «Қаламқас теңіз - Хазар» кен орындарын игеру жобасының іске қосылуы облыс экономикасының дамуына айрықша серпін береріне сенім мол. Ауқымды жобаны игеру өңірде әлеуметтік мәселелерді шешуге, жұмыссыздық деңгейін азайтуға, жергілікті кәсіпорындарды жұмыс көлемімен қамтамасыз етуге оң әсерін береді деген ойдамыз, - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.
Сондай-ақ, жиында вице-министр аталған ірі жобада қазақстандықтардың үлесін көбейту басты мақсаттардың бірі екенін, бұл мақсат ішкі нарыққа түсіндіріліп жатқанын айтты. Асхат Хасеновтың сөзінше, алдағы уақытта бұл тақырып бойынша «Ашық есік» күндері де өтетін болады.
- Жер қойнаушыларына қойылған басты талап - берілген тапсырманы уақытылы орындау. Яғни, 2028-2029 жылдары алғашқы мұнай өндірісі іске қосылуы тиіс. Екіншіден, жобаны толығымен жүзеге асыру барысына жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерді, қызмет көрсетушілерді тарту міндеттелді, - деді Асхат Хасенов.
Жиыннан соң, вице-министр «Ersai Caspian Constructors» ЖШС, Caspian Offshore and Marine Construction» және «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС базасына барып, жұмысымен танысып, аталған компаниялардың басшыларына бірқатар сұрақтарын қойды.
Жоба директоры Андрей Романовтың айтуынша, бүгінгі басқосу оң нәтиже береді.
- Сондай-ақ, алдағы уақытта жобалық құжаттама жасақталып, атқарылатын жұмыс көлемі анықталғаннан кейін жоба конкурстық негізде жалғасатын болады,— деді Андрей Романов.