
Естеріңізге сала кетейік, 21 қазанда 7ш/а-дағы пәтерлердің бірінде белгісіз умен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, 7 адам зардап шеккен еді. Оның салдарынан 3 жасқа дейінгі 2 бала қайтыс болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Араға 6 күн салып, Ақтау қаласындағы 3 шағын аудандағы пәтерлердің бірінде де осы жағдай орын алып, тұрғындардың өз бетімен дезинсекциялау нәтижесінде 5 адам зардап шекті. Оның үшеуі – балалар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Аталған қылмыстық істерді тергеу облыс прокурорының бақылауында.
«Өкінішке қарай, мұндай фактілер облысымызда былтыр да, биыл да тіркеліп отыр. Ең сорақысы, үлкендердің жауапсыз әрекетінен балалар зардап шегуде. Өз бетімен дезинсекциялау, соның ішінде дезинсекциялау құралдарын бақылаусыз және дұрыс қолданбау әрекеттері зиянды химиялық заттардың бөлінуіне әкелуі мүмкін. Желдету тиісті деңгейде жасалмаса зиянды түтіндер мен газдардың жиналуына әкеліп соғады. Мұндай заттар адам ағзасына ауа жұту барысында бірте-бірте сіңіп, уланудык әсерінен өлімге әкелуі мүмкін», - дейді Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов.
Прокуратура дезинсекциялау кезінде осы саладағы лицензиясы бар мамандарға немесе уәкілетті органдарға хабарласу керектігін ескертті (дезинсекциялық шаралар жүргізілген жағдайда міндетті түрде көршілерге ескерту қажет).
«Сонымен қатар облыс тұрғындарынан белгілі бір иіс анықталып, улану белгілері пайда болған жағдайда дереу үй-жайдан шығып, 112 нөміріне хабарласуын сұраймын. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес улы заттардың айналымы саласындағы қызмет лицензияланатын қызмет түріне жатқызылады. Зиянкестерге қарсы күрес құралдарын лицензиясыз өткізгені үшін ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік, ал адам улану немесе екі немесе одан да көп адам қайтыс болған жағдайда ҚР ҚК-нің 304-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Онда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Біз жазаның бұлтартпастығы принципін ұстанамыз», - деп түйіндеді сөзін Руфат Құттықов.
Айта кетейік, облыстың уәкілетті органдары прокуратурамен бірлесіп, халық арасында дезинсекциялау жайындағы түсіндіру жұмыстарын бастады.