Ақтауда Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, ақын, публицист, “Маңғыстау” газетінің бас редакторы, және осы басылымда 40 жылға жуық өнімді еңбек еткен Ғалым Әріптің «Рух пен Сана» атты әдеби сазды кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шығармашылық кешті ҚР Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Жанарбек Әшімжан жүргізді.
- Елімізге қызмет етудің үлгісін көрсетіп келе жатқан азаматтардың бірі – Ғалым Бисембіұлы. Ғалекең Маңғыстау өңірінің ақпараттық, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда жаңғыруына қолдауын көрсетіп келе жатқан азамат. Ол бұған дейін өзін қанаттандырған, бесігіне тербеткен қасиетті Маңғыстау ауданының, Ақтау қаласының құрметті азаматы атанды.
Әдебиет жанкештілікті қажет етеді. Ақын Ғалым Әріптің ақпарат кеңістігінде, әдебиет әлемінде үлкен жанкештілікке бара алатыны бар. Осы жанкештілік біздің көп қаламгерлерімізге жетісе бермейді. Ғалекеңнің кешіне келген қадамдарыңызға ең әуелі сауаптан жазсын дейміз, - деді ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов кешке арнайы келіп, құттықтау сөзін айтты. Сондай-ақ Ғалым Әріпке «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы төсбелгісін табыстады.
Бұдан бөлек қаламгердің кешіне Түркиядан Маңғыстауға арнайы келген Орхан Сойлемез және Мажарстан мемлекетінен келген Оңайша Мақсұмқызы сынды ғалымдар қатысып, алғаусыз ақ тілектерін білдірді.
- Мен осындай кешті аңсап келемін. Ғалым Әріптің шығармашылық кешіне әруақ айдап келіп қалыппын. Кештен алған керемет әсер алып шықтым. 45 жылға жуық Мажарстандағы университетте сабақ беріп, өзімше бүкіл қазақтың әдебиеті мен мәдениетін Еуропа студенттеріне оқытып жатырмын. Сол жердегі қыпшақтардың рухын өз дәрістерім арқылы көтеріп жүрмін. Мен үшін бүгінгі кездесу рухымды одан әрі көтерген, рухани ләззат сыйлаған кеш болды, - деді Оңайша Мақсұмқызы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев ақын Ғалым Әріпке облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, құрмет грамотасын табыстады. Кеште ақынның сөзіне жазылған бірқатар әсем нақышты әндер орындалып, жырдан шашу шашылды. Сонымен қатар, ақынның қос кітабының тұсауы кесілді.
- Бүгін Ақтау жерінде үлкен кеш өтіп жатыр. Бұл – ерекше кеш. Мен Ғалым Әріппен Алматыдағы ҚазҰУ университетінің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыдым. Ғалым студент кезінің өзінің үлкен ақындық қабілетін білдірді. Әдеби журнал, басылымдарда өлеңдері жарық көрді. Оқуын аяқтаған соң Алматы қаласындағы баспада жұмыс істеді. Сондай үлкен тәжірибеден өтіп, Маңғыстауға келіп, 40 жылға жуық жергілікті басылымда өнімді еңбек етіп, бас редактор деңгейіне дейін көтерілді. Халық ақынына өз құрметін көрсетіп жатыр. Кеш өте әсерлі өтті. Алдымыздағы уақытта Ғалымның шығармашылығы өрлей беруіне тілектеспін, - деді кешке қатысушы Нұрмұхаммед Диар.