Маңғыстаулық хирург Мақсат Оңайбаев 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін балалар хирургы мамандығы бойынша бітірген. Содан бері Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының хирургия бөлімінде хирург дәрігер болып қызмет етіп келеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы, Астана қалаларында жалпы хирургия, қан-тамыр хирургиясын меңгерген білікті дәрігер бүгінде тек балаларға ғана емес, ересектерге де ота жасайды. Оның ішінде қант диабеті бар науқастарға, өт аурулары, холецистит, аяққа, іш-құрылыс мүшелеріне, түрлі шұғыл жарақатпен келген адамдарға жедел хирургиялық көмектің барлығын көрсетеді.
- Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сайран Хангереевтің бастауымен осы бөлімде қызмет етіп жатырмын. Науқасты емдеп, аяққа тұрғызып алғысын алу бізге үлкен күш береді. Себебі небір күрделі жағдайлар болады. Науқасқа ота жасап, оның сауығып кеткенін көру және алғысын есту үлкен шабыт сыйлайды, мотивация береді. Сондықтан дәрігерлерге тілейтінім, әрқашан науқастардың жақсы лебіздерін естіп, алғысқа бөлене берсін деймін. Барша медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын, - дейді ақхалатты абзал жан.