Мектеп жасындағы балалар жаз мезгіліндегі демалысын бастап кетті. Бірі ауылға ата-әжесінің үйіне барса, кейбірі қала сыртындағы сауықтыру орындарында демалып жүр. Ал түпқарағандық балалар үшін биыл да этно лагерь ұйымдастырылды. Мектеп жанынан жұмысын бастаған «Балбұлақ» ұлттық лагерінде 250 бала жазғы демалысын қызықты өткізіп жатыр.
Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Қалиқызының айтуынша, этно лагерь биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Мұнда 9-13 жас аралығындағы балалар демалып жатыр.
– Жыл сайын 200–250 баланы қамтып, оларды ұлттық құндылықтарды білуге, құрметтеуге баулимыз. Әр жылдары мектептегі спорт залда киіз үй жабдықтарын, оның ішінде керегелерді құрастырып жүрдік. Алдыңғы жылы бір киіз үй тігілді, биыл мектеп ауласына екі киіз үй тігілді. «Балбұлақ» ұлттық лагерінің мақсаты - мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, ұлтымыздың тұнып тұрған асыл мұра, рухани байлығын бойына сіңіріп, құрметтеуге баулу, туған халқы мен өз мемлекетіне адал қызмет ететін елжанды тұлғаларды тәрбиелеу, – дейді Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Қалиқызы.
«Балбұлақ» этно лагерінде бірнеше бағыт бойынша этно ауылдар құрылып, түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Алтын сақа» ұлттық ойындар ауылында балалар қазақ халқының ұлттық спорт түрлерімен танысып, түрлі сайыстарға қатысты. Мәселен, қыз балалар бес тас ойнап жарысса, ұлдар асық, арқан тартыс, қазақша күрес, қол күресі, садақ ату сияқты жарыстарда күш сынасқан. Ал «Құлагер» жас атбегілер ауылында балалар қазақтың ат спортының түрлерімен және ат әбзелдерімен таныса отырып, көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты ойындарды ойнап көрді. «Тоғызқұмалақ» жас ойшылдар ауылында демалушылар ақылойды дамытуға арналған ойын–тоғызқұмалақтың қыр сырын терең меңгеріп, ойлау қабілетін жетілдірген. Үйірме жетекшілері бұл ойын баланы болашақта әр ісін жоспарлы жүзеге асыруға дағдыландырып, бойына сабыр мен төзімділік қасиетін сіңіреді, озық ойлы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді дейді.
Ұлттық лагерьдегі этно ауылдардың тағы бірі – «Алтын оймақ» қолөнер ауылы. Мұнда қыз балалар үйірме жетекшілерімен жүн түтіп, киіз басу технологиясын меңгерумен қатар ши тоқып, моншақ, бисерлермен заманауи сән бұйымдарын әзірлеген. Ал «Қыш Art» қыш өнері ауылында демалушылар үйірме жетекшілерінің қолдауымен STEAM лабораториясының технологиясын қолдана отырып, қыштан заманауи ыдыстар әзірлесе, киіз бен теріге, құм мен тасқа түрлі сурет салды. Ұйымдастырушылар оқушыларға заманауи технологияларды меңгертуді де ұмыт қалдырмаған. «Робоарғымақ» ауылында жас роботшылар жаңа технологиялар мен гаджеттерді қолдана отырып, роботтандырылған машиналар арқылы қазақ халқының ұлттық ат спорты – бәйге, көкпар, теңге ілу секілді сайыс түрлерінен жарыстар ұйымдастырды.
Демалушылар үшін этно лагерьдегі қызықтар «Балбұлақ маржандары» сал-серілер ауылында жалғасқан. Мұнда лагерь қонақтары домбыра party ұйымдастырып, домбырамен, қобызбен күй тартып, ән-жыр айтып, халық шығармашылығымен кеңінен сусындаған. Ал «Қамажай» бишілер ауылында мың бұралған бишілер тобы қазақтың би өнерімен көрермендерін тәнті етті.
Этно лагерь ұжымы балалар үшін туристік бағытта назардан тыс қалмағанын айтты.
«Жиһангез» туристікэкспедиция ауылында өңір туризмін насихаттап, туристік шатырлар орнатып, түрлі жаттығулар жасаған. Ал «Тайқазан» ұлттық тағамдар ауылында ұлдар мал сою және оны жіліктеу дәстүрімен танысса, қыз балалар ұлттық тағам түрлерін дайындау технологиясын меңгеріп қана қоймай, өз қолдарымен бауырсақ пен таба нан пісіріп, ет асып, қазы, жент, құрт, балқаймақ дайындады.
Осылайша балалар ағарған ішіп, өлке тарихымен танысып, естен кетпес демалыс өткізіп жатыр.
Мектеп оқушыларының осындай сәтті әрі сапалы демалуы үшін Ақшұқыр мектеп-лицейінің 32 педагогі және 18 үйірме жетекшісі жұмыс істейді. Бұдан бөлек 10 күнге созылған демалыста мектеп оқушылары мұражайға барып, театр және кинотеатр қойылымдарын тамашалады.
– Лагерьдегі күндер зырғып өтіп жатыр. Күнде таңғы сергіту жаттығуын жасап, асымызды ішеміз. Қызықты ойындар ойнаймыз. Маған квест «із кесуші» деген ойын қатты ұнады. Мәдени іс-шараларымыз өте қызықты, – деді демалушы Батухан Сағидулла.
– Күнде түрлі этно ауылда қонақта болып, ұлттық құндылықтарымызбен танысып жатырмыз. Жансая апайымыз ою өрнектерді ойдырып, жасауды үйретті. Ал Бибіфатима апайымыз құйрық май мен іш майдың пайдасы туралы айтты, көп мәліметтер алдық. Бізге пайдалы сабақ болды, – деді оқушы Гауһар Бұхарбай.
Енді ұлттық лагерьдің жабылуында балалар әжелермен кездеседі.
- Ақшұқыр мектеп-лицейінде «Даналықтың бастауы» атты әжелер мектебі бар. Лагерьдің соңғы күнінде балалар әжелердің тәлімін тыңдайды. Осы ауылдың әжелері келіп, балаға ақылын айтып, шеберлік сағаттарын өткізеді, – деді Қаламқас Қалиқызы.
Нұргүл АЛЯСОВА
«Маңғыстау» газеті
13.06.2024