Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылында балаларға арналған 3 ойын алаңы мен ересектерге арналған 2 спорт алаңы ашылып, халық игілігіне берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Боранқұл аулында 5 жаңа жоба аяқталды. Ауылдның 6-шағынауданында «Жасдәурен» және 4-шағынауданында «Жастық шақ», 1-шағынауданында «Балдырған» балалар ойын алаңы салынды. 6-шы және 4-шағынаудандарға «Тәні саудың – жаны сау», «Білекті мыңды жығар» деп аталатын воркаут және көше тренажер алаңдары салынды.
Бұл шағын жобалар «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қаржылық қолдауымен және Орталық Азияның Еуразия қорының «Qoǵamdyq keńistikter» әлеуметтік жобасы аясында Боранқұл ауылының белсенді азаматтарының бастамасымен іске асып отыр.
Жобаның мақсаты - ауыл орталығын көркейту және 1000-ға жуық жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу, бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.
«Боранқұл ауылының 1,4,6 шағынаудандарында балалардың ойнайтын жерлері болмағандықтан мектеп жасындағы 1500-ге жуық бала ауыл арасындағы жол бойына ойнауға мәжбүр болатын. Қанша жерден қауіпті екенін түсіндіргенмен, ойын балалары қызық іздеп шығып кете беретін. Көшеде шаң жұтып жүрген балалардың денсаулығына да қатты уайымдайтынбыз. Балалар ел болашағы, олардың ойнау арқылы ой-саналарын дамыту үшін қоғам болып ат салысып ауылымызда балаларға арналып ойын және спорт алаңдары салынғанына дән ризамыз!», - деді Боранқұл ауылының жоба үйлестірушісі Айтбай Сиық.
Ауыл әкімі Ғалымжан Баймағанбетов былтыр да көптеген жобалардың жүзеге асырылғанын айтады. Бұлардың барлығы ауыл тұрғындарының игілі үшін қолға алынған.
«2021 жылы да Боранқұл ауылының белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен 7 жоба іске асырылған болатын. Боранқұл мектебінің алдына жаяу жүргіншілер жолы мен алаңы салынса, екі жерге спорт алаңы мен балалар ойын алаңы салынып, абаттандыру жұмыстары мен шағын футбол алаңы күрделі жөндеуден өткізді. Енді міне, ірі мұнай компаниясы ауыл тұрғындарын 5 ойын-спорт алаңдарын салып беріп, қуантып отыр. Сол үшін «Теңізшевройл» ЖШС-нің басшыларына және жобаны үйлестіруші азаматтарға алғыс білдіремін, -деді Боранқұл ауылының әкімі Ғалымжан Баймағанбетов.