Ақтау әкімі Ербол Ізбергенов мүгедек жандардың үйіне барып, тұрғындардың жағдайын сұрап, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әңгіме барысында мүгедектігі бар қала тұрғындары шаһар басшысынан қала ішіне ыңғайлы пандус орнатуды сұрады. Сонымен қатар, оларға көрсетілетін әлеуметтік көмек қатарына санитарлық арбаны қосу және тұрғын үй беру жайлы өтініштерін атап өтті.
"Теңіз жағалауын мүгедек жандарға ыңғайлы етіп жасау қолға алынды. Осы мақсатта мамандар шақырылып, жоба қорғалды. Дегенмен 1 шағынауданнан бастап 6 шағынаудан аралығындағы су және жылу құбырларын толықтай жаңа бағытта ауыстыру қажет. Сонда ыстық су мәселесі шешіледі. Одан кейін ыңғайлы пандустар салып, қаланы абаттандыру жұмыстарына көшеміз",- деді Ербол Ізбергенов.
Әкім жағдайын сұрауға барған ерекше жандардың әрбірінің өз оқиғасы бар. Бірақ соған қарамастан қаймықпай, белсенді өмір салтын ұстанып келеді. Әрбірінің өз қызығушылығы, болашаққа қойған мақсаты бар.
Осындай жанның бірі - ақтаулық Павел Царапкин. Оның әпкесі Анна үйінің артындағы ауланы жекеменшікке алу туралы кеңес сұрады.
"Ініме қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Оның жайлылығы үшін бірінші қабаттан пәтер алдық, ыңғайлы етіп жөндеуден өткіздік. Павел аулаға шығып серуендегенді ұнатады, сол үшін бақшаға гүл ектік. Үйдің артынан шығуға қолайлы етіп пандус та орнаттық. Бізде мәселе жоқ, дегенмен үйдің артындағы ауланы сатып алу немесе ұзақ мерзімге жалға алу үшін кімнен кеңес аларымызды білмеймін", - деді Анна.
Осыған қатысты қала әкімі Ербол Ізбергенов бұл мәселені қарастыруға уәде берді.
"Бұл мәселені шешу оңай. Өтінішіңізді естідім, енді шешуге кірісеміз", деді қала әкімі Ербол Ізбергенов.