Чемпионат ҚР ІІМ ҚАЖК қызметкерлері арасында өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД жеке құрамы алдында Асқар Әбдірашқа медалі мен грамотасын табыстады. Әріптестері оның бұл жеңісі өңірдің барлық департаментінің спорттық дайындығын дамытуға қосқан үлесі екенін атап өтті.
ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің командалары, сондай-ақ ҚР ІІМ Қостанай академиясының командалары арасында самбо күресінен оныншы чемпионат Ақмола облысында өтті. Щучинск қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен 13 команда, 93 спортшы жеті салмақ дәрежесінде күресті. Жеке есепте үшінші орынды ақтаулық қызметкер Асқар Әбдіраш иеленді. Аға лейтенант қылмыстық - атқару жүйесінің ең мықты спортшыларымен белдесіп шықты.
«Белдесудің барлығы қиын болды. Балуандар техникалық жағынан дайын және талапшыл болды. Бұл менің бірінші жеңісім емес. Бірінші сыныптан бастап спортпен айналыссам да, жекпе-жек өнерімен ІІМ құрылымына келгеннен бері айналыса бастадым, - дейді 77 мекеменің кезекші көмекшісінің орынбасары Асқар Әбдіраш.
Жарыс қорытындысы бойынша 79 кг салмақ дәрежесінде бірінші орынды Ақмола облысының спортшысы, екінші орынды Жамбыл облысының спортшысы иеленді. Үшінші орынды Асқар Әбдіраш Алматы облысының жауынгерімен бөлісті. Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Алтынбек Қалиев аға лейтенантты жеңісімен құттықтап, жарқын жеңістер тілеп, алғыс хат табыстады.
25 жастағы Асқар қоян-қолтық ұрыс пен самбодан облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие. Ол органда 6 жылдан бері қызмет етеді.