Бүгін Жаңаөзенде «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қабылданған заңдарды» түсіндіру бойынша тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесуді Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырды.
Кездесуге қала тұрғындары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері, Бала құқықтары жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша уәкілі Т. Болатбаева (модератор), Аналар кеңесінің мүшелері, Жаңаөзен қалалық сотының және Жаңаөзен полиция басқармасының өкілдері және ата-аналар мен мектеп психологтары қатысты.
60-қа жуық қатысушы қатысқан жиын барысында облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы С. Алибекова, Жаңаөзен қалалық сотының судьялары С. Махамбетова, Н. Даргулова, Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары А. Абдразаков, аға инспекторы Л. Бисекеновалар сөз сөйлеп, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері және қолданылатын жаза түрлерін заң жүзінде түсіндірді.
Тұрғындар отбасылық құндылықтарды нығайтуға және балалардың рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге байланысты өзара пікір алмасты.
Жиынға қатысушылар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды «Зорлық-зомбылықты жою жолында жасалған қадам» деп бағалап, бірауыздан қолдады.
Шара соңында политехникалық колледж психологі С. Утепова ана мен бала арасындағы байланыстың маңыздылығын ерекше атап өтіп, психологиялық тренинг өткізді.