Гүлберген Ғаниева 30 жаста. Он жыл бұрын Гүлберген кесте тігуді, бисерлеп тоқуды, тастардан әшекей жасауды үйренген. Ол мұның бәрін аяғының бармақтарымен жасайды. Оның бұйымдарын қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де сатып алып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Анасы Гүлбергеннің диагнозын 4 айлық кезінде білген. Бұған себеп медициналық қателік пен баланың шала тууы дейді ол.
«Жағдай өте ауыр болды. Ол күндіз де, түнде де жылай беретін. Бірақ 17 жасында спастика аздап басылды, дегенмен қолдарын әлі қозғалта алмайды. Ол жүрмесе де, бәрін аяғымен жасайды», - дейді Гүлбергеннің анасы Шынар Гилажева.
Гүлберген мектепке бармаған. Десе де анасы оған бәрін үйреткен. Қыз қазір әріп танып, оқи алады, планшетпен жаза алады. Қазақ, орыс тілдерінде де сөйлейді және ағылшыннан да кенде емес. Оған сөйлеу қиынға соқса да, жақындары мен достары оны түсінеді. Гүлбергеннің анасы оның бала кезінен тұсқағазға үйлер мен ағаштардың суретін аяғымен салғанын айтады.
«Біраз уақыттан кейін мен оның шығармашылығын дұрыс бағытқа бағыттап, тоқу мен кестелеуді үйрене бастадым. Өзі алғашында көне қоймағанымен, кейін ұнатып кетті. Қазір ол арнайы құрылғыда қарапайым заттарды тоқи алады, бисермен кестелейді, тастар мен моншақтардан әшекейлер жасайды. Ол тамақты да аяғымен ішеді. Бірақ өз бетінше шомылып, киімін ауыстыра алмайды», - дейді қыздың анасы.
Дені сау қолы бар көптеген адам инеге жіпті әрең сабақтайды. Ал Гүлберген оны аяғының бармағымен жасайды. Оған моншақ немесе білезік жасау үшін бірнеше сағат қажет. Зергерлік бұйымдарды жасауға қажет нәрсенің бәрін интернет арқылы тапсырыс береді.
«Бірнеше жыл бұрын ол планшетті қолдануды үйренді. Содан кейін әлеуметтік желіде оның өнімдерін көрген алғашқы клиенті де пайда болды. Қазір олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс беріп жатыр. Мен тапсырыстарды пошта арқылы Мәскеу мен Челябинск қалаларына жібердім. Әсіресе жаңа жылға дейін тапсырыс көп», - дейді анасы.
Жақында ғана TikTok-қа тіркелген Гүлберген 8 мыңнан астам оқырман жинап үлгерген.
«TikTok біздің жағдайымызда тек пайдалы болды. Гүлберген жақсы сөйлей бастады. Сөздерді толық айтып, дос тауып, өзін қолдайтындармен қарым-қатынас орнатты. Әрине, теріс пікір жазатындар бар, бірақ ол оған мән бермейді. Қызым өзгерді, көпшіл, көңілді болды, жаңа идеялары пайда бола бастады», - дейді Шынар Гилажева.
Гүлберген отбасындағы үлкен қыз. Шынардың тағы төрт баласы мен бес немересі бар. Олардың барлығы Гүлбергеннің бастамаларын қолдайды, әлеуметтік желілерге ролик түсіруге көмектеседі.
Айтпақшы, Гүлберген өзінің туған күнінде Риксостағы «Ninety one» тобының концертіне қатысып, кем дегенде бір рет шетелге баруды армандайды. Бірінші арманы орындалуға жақын – билет сатып алынған, ал екінші арманын орындауға отбасының мүмкіндігі жоқ.