Ақтауда аудан, қаладан келген 100 жас маман «Жас басқарушылар» мектебін бітірді. Мұғалімдерді құттықтауға Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова келіп, алғыс хат пен сертификат табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың беріп жатқан барлық мүмкіндігі, білім саласындағы талабы, «Педагог мәртебесі» туралы заң шыққаннан кейінгі қолдауы, осының барлығы жас педагогтер үшін жасалып жатыр. Осы екі айға созылған оқыту жас мамандардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Енді алған біліміңізді жаңа энергиямен жетістік жолына жұмсауға тілектеспін. Қызмет ету үшін сіздерде жанып тұрған энергия, мықты идея, нақты мақсат пен жоспар болуы керек. Заман талабына сай педагог үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Сондықтан Жаңа Қазақстанның жаңа педагогы болу жолында түрлі жобаларға қатысып, белсенділік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін», - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова.
Салтанатты шара барысында оқытуға қатысқан барлық жас маманға сертификат берілді. Ал белсенділігімен көзге түсіп, үздік атанған 10 жас маманға Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашеваның алғыс хаты табысталды.
Содан соң шара жас мамандардың концерттің бағдарламасымен жалғасты.
Еске салайық, екі айға созылған оқытуда жас мамандарға Астана, Алматыдан келген және жергілікті жердің білікті тренерлері білім берді. Олар «Көшбасшы имиджі», «Грант. Жоба. Конкурс», «Қаржылық менеджмент», «Жобалық басқару», «Жеке бренд. СММ» тақырыптарын тереңінен түсініп, пайдалы ақпараттар алды. Соның нәтижесінде жас мамандар жоба жасақтап, жеке брендін дамытуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар жас мамандардың дағдысын арттыру мақсатында алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері мен төтенше жағдайдың алдын алу бойынша мәліметтер түсіндірілді. Yessenov University-нің академиялық жұмыс жөніндегі вице-президенті, э.ғ.к., РФ компьютерлік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Қайырбек Макуловпен TED форматында кездесу ұйымдастырылды.
«Жас басқарушылар» мектебі «Жас маман» жобасы аясында өтті. Жоба Маңғыстау облыстық білім басқармасының тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе өткізілді.