Антикор сыбайлас жемқорлық жасау мүмкіндіктерін азайту мақсатында 3 сыртқы талдау жұмысын жүргізіп, 98 ұсыным енгізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы Қайрат Бәйгебаев мәлімдеді.
- Жыл басынан бері Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Көліктік бақылау инспекциясы, «Каспий» ӘКК» АҚ, Көші-қон полициясы қызметтеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде, Көліктік бақылау инспекциясының қызметкеріне қатысты жеке кәсіпкерлерден облыс ішінде жүк көлігімен кедергісіз жүруіне жағдай жасап, ай сайын пара алғаны үшін ҚК-тің 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды. Бұдан бөлек, автокөліктерді техникалық байқаудан өткізумен заңсыз айналысқан 21 оператордың жұмысы тоқтатылды, - деді Қайрат Бәйгебаев.
Сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде «Каспий» ӘКК инвестициялық жобаларға көзделген жер учаскелерін жеке кәсіпкерлік мақсатта бергені анықталып отыр. Қазіргі уақытта 7 жер учаскесін мемлекетке қайтару мәселесі сотта қаралу үстінде. Сондай-ақ, көші-қон полициясы қызметіндегі талдау нәтижесінде лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді.
Брифинг барысында спикер Қайрат Байгебаев ҚТЖ АҚ-на еншілес «Ақтау теңіз порты», «Құрық порты», темір жол саласына сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Департамент әкімшілік құқық бұзушылық тәжірибесін күшейткен.
- Әкімшілік кодекстің 154-бабын бұзғаны үшін 17 тұлғаға, 680-бабын бұзғаны үшін 4 тұлғаға, 676-бабын бұзғаны үшін 2 тұлғаға қатысты іс қозғап, жалпы сомасы 7,5 млн. теңге айыппұл салды. Бір тұлғаға қатысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу кезінде тапқан 17 825 993 теңге табысын мемлекетке тәркілеу туралы шешім қабылданды», - деді Қайрат Бәйгебаев.