© фото egemen.kz
Облыста қыркүйекте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектепті ашу жоспарланған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Қызылғұлова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, бүгінде облыс аумағында 617 білім беру ұйымы қызмет етеді. Сондай-ақ, 2024 жылы 17 500 орындық 18 мектеп, 2025 жылы 10 600 орындық 9 мектепті іске қосу жоспарланып отыр. 2021-2025 жылдары аралығында 103 ауыл мектебін жаңғырту, ғимараттарда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіледі.
- Маңғыстау ауданындағы мектептерге 753 оқушыны тасымалдауға 6 автобус беріледі. Ал, бір автобус Жаңаөзен қаласының білім беру ұйымының оңалту орталығына қолданысқа беріледі. Облыс бойынша балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау үшін 2024 жылы жергілікті бюджеттен 5 500 орынға 658 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл мемлекеттік тапсырысқа 7 бағыт бойынша жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Осы бағыт бойынша білім бөлімінің сайтында және әлеуметтік желілерде конкурс жарияланды,- деді Гүлбану Қызылғұлова.