Ақтау әскери бөлімінде «Наурыз – жаңару мейрамы» атты тақырыптық кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Наурыз мерекесінің еліміз үшін маңызы аса зор. Наурыз айын бүкіл қазақстандықтар дүбірлетіп кең көлемде атап өтетіні белгілі. Осыған орай 15 наурыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан «Батыс» өңірліқ қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөліміне қалалық кітапхананың қызметшіліері келіп «Наурыз – жаңару мейрамы» атты тақырыптық кеш өткізді.
Шара барысында сөз алған тәрбие бөлімшесінің офицері капитан Алмас Ибраев көпшілікті құттықтады.
“Наурыз мейрамы ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мерекесі. Тарих қойнауынан бастау алған ұлық мерекені табиғаттың бізге берген үлкен сыйы деп білемін. Күн мен түн теңесіп, жарқын болашаққа қадам бастыратын көктемнің алғашқы күні де келіп жетті. Оның маңыздылығын, тарихын, көлемділін ескере отырып, қазіргі таңда ЮНЕСКО әлемдік деңгейдегі мейрамдардың қатарына қосқаны біз үшін үлкен мәртебе. Бір кісідей жұмылып, кештің өтуіне атсалысып жатқан қалалық кітапхананың ұжымына алғыс білдіремін. Наурыздан наурызға жете берейік, наурыз мәңгілік болсын!» - деді ол.
Іс-шара барысында, әскери бөлімге келген қонақтар Наурыз мерекесінің шығу тарихына көз жүгіртіп, Ұлыстың ұлы күні өткізілетін қазақтың ұлттық ойындарымен, дәстүрлері туралы сарбаздарға айтып жеткізді. Сондай – ақ шара барысында сарбаздарға қазақ зиялыларының портреттері көрсетіліп, сарбаздарға сұрақ қойылды. Сарбаздар өз кезегінде портреттегі қазақ зиялыларының өмірбаянымен жүріп өткен өмір жолдары туралы айтып берді. Шараға белсенді қатысқан сарбаздарға грамотасы табысталып, шара соңынан Наурыз туралы әндер орындалды.