Бүгін Жамбыл облысында Маңғыстаудан шақырылған Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті әскери қызметкер Айболат Аманжоловқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айболат Аманжолов тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.
– Жыл бойы тергеушілерге жүгініп, табалдырығын тоздырдық. Бірақ нәтиже жоқ. Біз үкіммен мүлдем келіспейміз. Апелляциялық шағым түсіреміз. Оның денесіндегі жарақаттар бізге айтқан ұрысқа сәйкес келмейді. Біз оларға сенбейміз, – дейді Әлібек Қалбайдың туысы Динара Тілесова.
Еске салсақ, Маңғыстау облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай 22 сәуірде Жамбыл облысы Гвардиялық гарнизоны базасында қаза тапқан болатын. Бұл туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жауап берді. Ол Қорғаныс министрінен, Бас прокуратурадан және басқа да құзырлы органдардан жан-жақты тексеру жүргізуді талап етті.
3 мамырда ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобы қылмыстық іс бойынша күдіктіні ұстағаны белгілі болды. Бұл сол бөлімшенің жауынгері Айболат Азаматұлы болып шыққан еді.