Ақтауда Yessenov University-де Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев студенттермен, оқытушылармен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Профессор тамыз кеңесі, Маңғыстау жастарының қауқары, халықаралық PISA бағалау жүйесі туралы өз ойын айтты.
- Асқар аға, Маңғыстауға қош келдіңіз! Бүгін Тамыз кеңесіне қатыстыңыз. Қандай маңызды ойлар айтылды?
- Менің бала күнімде ғылыми журналдар көп болды. Солардың бірінен бинар жүйесін, компьютер жүйесін бірінші рет көрдім. Оны маңызды емес деп айтуға болатын еді, бірақ мен үшін маңызды болды. Сол сияқты, кеңесте отырғандардың бәріне мотивация айттым деп ойлаймын.
- Маңғыстаудағы мұғалімдердің, балалардың математикаға қызығушылығын, білімін, потенциалын қалай бағалайсыз?
- Өте жоғары! Кездесу керемет болды. Мен талай жерді көріп жүрмін ғой. Осында үш бала сөйледі, үшеуі де оқыту, ғылым жайлы өте жақсы әңгіме айтты. Керемет сұрақтар қойды. Біз тек ғылым туралы әңгіме айттық, соны «Есенов» балалары ұғып отырды. Қырықтың бірі – қыдыр дейді. Мен қырық адаммен сөйлессем, отыз тоғызы далаға кетіп, бірі қыдыр болып қалады. Университетінің балалары, байқағаным, математикаға жүйрік екен. Қошқар болар тоқтының маңдай тұсы дөң келер!
- Халықаралық балалардың функционалды сауаттылығын, қабілетін бағалайтын PISA бағдарламасын неге құптамайсыз?
- PISA-ны абсолют деп ұғудың керегі жоқ. Ол Құранның сөзі емес, әл Хорезмидің сөзі емес. Ол көп пікірдің бірі ғана. Ол тұрғыдан жұмыс істеу керек, бірақ PISA айтты екен деп, қара аспанды төндірудің қажеті жоқ. Маңғыстау – қазақи жер. Қазақи менталитет. PISA-ның есептері қазақи менталитетке келе бермейді. Сондықтан мұны абсолют деп қараудың қажеті жоқ. Дүниеде ондай рейтинг жасайтын компаниялар өте көп. Анау былай, мынау былай айтты деп далаңдай беруге негіз жоқ. Маңғыстауда, қазақы өңірлерде PISA өтпеді деп жамандайтындар көп. Не керегі бар ол сөздің?
Математик Жұмаділдаев осы тұста маған қызық сұрақ қойды:
- Мысалы, мен саған қазір бір есеп айтамын. Балаға 100 доллар бер. Қазақ баласы анама берем дейді, Американың баласы мен 100 сағыз сатып алып, үстіне он цент қосып, пайда көрем дейді. Сіз не істер едіңіз?
- Ол кезде мен пайда көруді ойламай, ақшаны анама берер едім.
- Өйткені сен қазақсың. Қазақи психология бойынша, біздің баланың тірлігі дұрыс. Бұл, біріншіден, отбасындағы тәрбиенің дұрыс екенін көрсетеді. Яғни баланың әкесі тапқан еңбекақысын шешесіне береді деген сөз. Оны бала көреді, оны жақсы нәрсе екен деп ойлайды. Содан соң шешесі ақшаны аяқ киімге, дәптерге, азық-түлікке жұмсайық дейді. Мұның несі жаман? Бұл – қазақы менталитет. Американың менталитеті – пайда көру. Бізге сай емес.
- Жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек енді халықаралық олимпиададан жүлде алған оқушылар Болашақ бағдарламасымен шет мемлекеттерде оқуға мүмкіндік алатынын айтты. Бағдарламаның авторы ретінде министрдің бұл мәлімдесін қалай бағамдайсыз?
- Егер үкіметтің шамасы келіп жатса, оқуға жіберуге болады. Оның несі жаман? Қазақтың балаларын ғылым үйренуге, білім үйренуге жіберіп жатса, бұл жерде жаманшылық көріп тұрғаным жоқ. Бұрын бакалаврға Болашақпен оқуға жіберетін еді, бірақ ақша мәселесінен жабылып қалды. Балалар барсын, үйренсін.