«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚМГ-ның Маңғыстау облысындағы еншілес компаниялары кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесулерге «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «CASPI BITUM» БК» ЖШС, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС, «KMG EP-Catering» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС, «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС, «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС кәсіподақ мүшелерінің өкілдері қатысты.
ҚМГ басшысы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерін өндірістік бағдарламаларды орындау және еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша ҚМГ қабылдаған шаралар жайында хабардар етті.
Асхат Хасенов өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өндірістік тәртіпті сақтаудың маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ мұнай өндіру деңгейін арттыру ҚМГ мұнай өндіру активтерінің басты міндеті екенін баса айтты.
Кездесу қатысушылары еңбек жағдайын жақсарту шараларын, сондай-ақ өңірдегі ұлттық компанияның әлеуметтік жобаларын талқылады.
ҚМГ-ның кәсіподақтармен дәстүрге айналған тұрақты кездесулері еңбек ұжымдарымен тұрақты әрі белсенді диалог орнатуға және қолдауға ықпал етеді.