Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезекті XV сессиясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов, қалалық мәслихат депутаттары және бөлім басшылары қатысты. Отырыста қалада жүргізіліп жатқан магистральдық инженерлік желілерді жаңарту мәселесі қозғалды. Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жылу желілерін жаңарту жұмыстарына тоқталып, жылыту маусымына тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер дайын болу керектігін айтты.
- Қазіргі таңда қалада магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мамандар жаңа құбырларды монтаждау жұмыстарын жасап жатыр. Мердігер компанияға жұмыстарды жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Жылыту маусымына дайындықты тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер де күшейту керек. Тұрғын үй жертөлесіндегі жылу торабын тексеру қажет. Барлық мәселелерді депутаттармен бірлесіп шешуіміз керек, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Депутттар магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын бақылайтын комиссия құруды ұсынды. Жиынға қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.