Ақтауда көкөністің қымбаттауын болдырмау мақсатында сауда орындарында бағаны тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Тұрақтандыру жұмыстары аясында мемлекеттен қаржы алған кәсіпкерлік субъектілері облыс аумағындағы сауда желілеріне жыл басынан бері 300 тоннадан астам өнім өткізген. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар
картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлері бар.
Ақтау қаласына сырттан тасымалданатын төмен бағадағы көкөніс өнімдерін сататын кәсіпкерлер қаладағы бірқатар сауда орталықтарында орналасқан. Мәселен олардың қатарында «Асар-С» көтерме базары, «Дина», «Altyn food», «Анвар» және «Лидер» супермаркеттері бар.
-Ақтау тұрғындарына қолжетімді бағада көкөніс жеткізетін кәсіпкерлерді қолдау мақсатында сондай-ақ, баға тұрақтылығын сақтау үшін жасанды жолмен тұрақтандыру әдісін қолға алдық. Осы орайда кәсіпкерлер тасымалдау барысында туындайтын кедергілер немесе сауалдар бойынша біздің басқармаға жүгіне алады, - дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Қароллин.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен тұрғындар осы бағыттағы кез-келген мәселе бойынша облыс әкімдігінің телеграм чатына https://t.me/mangystauakimat жүгіне алады.