Ақтауда «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығында шатырлы лагерь ұйымдастырылды. Лагерь 14 тамызға дейін жалғасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазіргі таңда 400 дарынды мектеп оқушысы лагерьге қатысып жатыр. Олардың қатарында экология, туризм және өлкетану саласы бойынша республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары, сондай-ақ аз қамтылған отбасы балалары бар. Оқушылар төртке бөлініп, үш күн бойы оқиды.
«Лагерь бағдарламасы бойынша балалар су және өрт қауіпсіздігі ережелерін меңгереді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқушыларға төтенше жағдай кезінде өз-өзін қорғауды үйретеді», — деді Маңғыстау облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі орталығының директоры Аяжан Темірланова.
Сондай-ақ мектеп оқушылары өңірдің тарихи-мәдени көрікті жерлеріне экскурсия жасап, қоршаған ортаны қорғау саласындағы интеллектуалды ойындарға қатысады.