6 тамыз күні шілде айында ант қабылдаған жас сарбаздар қолына арнайы жауынгерлік қарулар табысталды. Жаңаөзен қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімінде жас сарбаздарға жауынгерлік қару табыстау мақсатында арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салтанатты шараға әскери бөлім офицерлері мен сержанттары белсене қатысты. Іс-шара барысында әскери бөлім командирі Марат Нұрмұратов жас сарбаздарды құттықтады.
«Құрметті жас сарбаздар, күні кеше ғана ант қабылдап бүгін міне қолдарына қару ұстағалы тұрсындар. Ұлттық ұлан ең алдымен азаматты, қоғамды, құқықтар мен тыныштықты сақтаған еліміздің мызғымас тірегі. Алдағы уақытта сіздер өздеріңізге бекітілген қару мен анттарыңызға адал болып, жауынгерлік қызмет атқаратын боласыздар. Ел тыныштығы мен өркендеуі сіздердің қолдарыңызда. Сіздерге алдағы қызметтеріңізге толағай табыс пен бейбіт аспан тілеймін. Қолдарынызға берілген қаруды тек оқу-жаттығу мақсатында қолдануларыңызға тілектеспін», деді әскери бөлім командирі.
Жиын соңында қарудын атауы мен нөмірлері, берілген күні отан қорғаушылардың әскери билеттеріне жазылды. Алдағы уақытта сарбаздар Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқарады.