Ақтаудағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Уәли Ізтөре 8-13 қаңтар аралығында Алматы қаласында өткен Жәутіков атындағы ХХ халықаралық олимпиадасының қола жүлдесін алды, -деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық олимпиадаға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Болгария, Тәжікстан, Монғолия, Грузия, Сербия, Үндістан, Румыния сияқты 14 елден 55 команда, 600-ге жуық оқушы қатысты.
Ақтаулық оқушы Уәли Ізтөре білім додасының қиын әрі қызық болғанын айтады.
- Олимпиада елімізді шетел оқушыларына таныстыруға жақсы мүмкіндік берді. Есептер өте қиын, бірақ қызықты құрастырылған. Бізге қолдау көрсеткен мұғалімдерге алғыс айтамын. Алда мені мектеп қабырғасындағы соңғы республикалық олимпиада күтіп тұр. Қазір олимпиадаға дайындалып жатырмын, - дейді Уәли Ізтөре.
Аталған олимпиаданың мақсаты - дарынды оқушыларды интеллектуалды тұрғыда одан әрі дамыту және кәсіби бағдарлау үшін жағдай жасау, оқушылар арасында физика, математика және ІТ пәндері бойынша білімін үстемелеу.
Уәли Ізтөре 4 жылдан бері олимпиадаға тұрақты қатысып жүр. Биылғы оқу жылында республикалық олимпиадалық резерв қатарына қосылып, республикалық деңгейде ұйымдастырылған дайындық-оқу жаттығуына қатысып жатыр.