Маңғыстау облысындағы Қаракөлде қырылған аққулар саны мыңға жуықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Мархабаев мәлімдеді. Ол қазір Қаракөлде жою жұмыстары жылжымалы крематорий арқылы жүзеге асып жатқанын жеткізді.
«Осыған дейін айтылған арнайы техника Атыраудан өңірге келіп жетті. Қазір Қаракөл аумағында қырылған аққуларды жою жұмыстарына берілді. Техника келгелі бері көлік үстіндегі крематорий пешімен 125 аққу өртеліп, жойылды. Бүгін таңертең өлген аққулар саны 968-ге жетті. Кешкі уақытқа дейін олардың мыңнан асуы мүмкін», - деді Бердібек Мархабаев.
Осыған дейін өңірде жаппай қырылып жатқан аққулардың өліміне басты себеп ретінде құс тұмауы айтылды. Арнайы мамандар судан сынама алып, құстардың өлекселерін зерттеуді қолға алып, нәтижесін жария еткен еткен.
Мамандардың айтуынша, Қаракөлде қыс бойы 45 мыңға жуық аққу қыстайды. Ал қырылып жатқандардың дені балапан аққулар көрінеді. Сондай-ақ, Қарақия ауданы аумағынан 20 аққудың өлексесі табылды.