Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының невропатолог дәрігерлері инсультке қарсы күрес күні ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық есік күнінде дәрігерлер тұрғындарға инсульттің белгілері мен алдын алу жолдары туралы түсіндірді. Сонымен қатар неврология және инсульт орталығында жатқан емделушілердің парезге ұшыраған аяқ-қолының ұсақ моторикасын қалыпқа келтіру мақсатында жаттығу жұмыстарын жүргізді.
Неврология және инсульт орталығының бөлім меңгерушісі Ілияс Тұрғанбайұлы инсультке шалдыққан науқастардың саны жыл сайын артып келе жатқанын айтады. Былтыр облыстық ауруханаға 890 науқас тіркелсе, биылғы 9 айдың ішінде олардың саны 980-ге дейін жетіп отыр.
- ХХІ ғасырдың инфекциялық емес пандемиясы - инсульт. Себебі дүниежүзі бойынша осы аурумен күресіп келеміз. Сондықтан әрбір тұрғын инсульттің пайда болу себептері мен белгілерін біліп, оның алдын алу жолында әрекет етуі маңызды. Инсульттің алғашқы белгілеріне бет-пішіннің қисаюы, көздің көру және сөйлеу қабілетінің нашарлауы, тепе-теңдіктің бұзылуы, бастың қатты ауыруы жатады. Аталған белгілер пайда болған жағдайда дереу жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып, жақын маңдағы инсульт орталығына келу қажет. Тұрғындар уақытылы дәрігерге қаралса, аурудан айығуға болады, - дейді невропатолог-дәрігер Ілияс Құлымбаев.