Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Маңғыстау облысында болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоғары палата депутаттары арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру тетіктерін зерделеу мақсатында Маңғыстаудағы бірқатар нысандарын аралады.
Сенаторлар еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды дамытуға және экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестиция тартуға бағытталған «Ақтау теңіз порты» АЭА-да арнайы барды. Олар экономикалық аймақтың жалпы аумағы 9 субаймақтан тұратыны және ауданы 2 140 гектарды құрайтыны туралы дерекпен жан-жақты танысты.
Өңірге сапар аясында Сенат депутаттары жол битумын өндіру жөніндегі кәсіпорны, «Құрық порты» мен «Ақтау теңіз сауда портына» да аялдады.
- Біздің мұнда келуіміздің мақсаты – арнайы экономикалық аймақ қызметімен танысу, құрылыстың аяқталмауы және инфрақұрылымды жүргізу, өңдеу өнеркәсібіне жеке инвестицияларды тарту деңгейі бойынша мәселелерді талқылау, сондай-ақ арнайы экономикалық аумақтарында қолданыстағы және іске асырылып жатқан жобаларды қарастыру», - деді комитет төрағасы Серікбай Трұмов.
Маңғыстау облысына сапарды қорытындылау кезінде комитет мүшелері «Арнайы экономикалық аймақтардың нақты жай-күйі және жұмыс істеуінің алдағы перспективалары» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өтетіні туралы мәлімдеді. Онда аталған сапарда көтерілген барлық проблемалық мәселелер талқынатын болады.