Ақтау әуежайында ұшақ су аркасының астынан өтті. Дәстүр бойынша Ақтауға алғашқы жеткен рейстің қонақтарын осылай қарсы алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін таңертең Тегераннан Ақтауға алғашқы чартерлік рейс келді. Бортта 200 жолаушы болды. Екінші рейс 25 наурызда болады деп күтілуде.
Шетелдік қонақтар Қазақстанға Наурыз мерекесі қарсаңында келгендерін атап өтті.
Ираннан келген алғашқы туристерді ұлттық киім киіп қарсы алып, бауырсақпен сыйлады.
-Қазақ халқы қашаннан қонақжай болған, бұл жолы да солай болды, - дейді туроператор өкілдері.
Еске салайық, Қазақстан мен Иран президенттерінің келіссөздерінен кейін 14 күндік визасыз режим туралы заң күшіне енген болатын.