Ақтаудың 60 жылдығына орай жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жағажай волейболынан ашық турнир басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Қаламыздың 60 жылдық мерейтойы аясында әр түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін солардың бірі, яғни, жағажай волейболынан жарыс басталды. «Ақтау қаласы әкімінің кубогында» 2007-2008 және 2009-2010 жылы туған ұлдар мен қыздар қатысуда. Бұл турнирді ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жасөспірімдерді спортпен айналысуға шақыру,- деді қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев.
Айта кетейік, қала әкімі кубогында барлығы 43 топ сынға түсуде. Жағажай волейболы бойынша ұйымдастырылған дода 4 маусымға дейін жалғаспақ.