Бүгін Ақтауда Маңғыстау облысының 50 жылдығы мен Ақтау қаласының 60 жылдығы аясында «Жеті қырлы Маңғыстау» республикалық суретшілер симпозиумы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан мәдени шараны Абай атындағы мәдени-демалыс кешені және «Қазақстан Республикасы суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырған.
-Құрметті қатысушылар Маңғыстау жеріне Ақтау қаласына қош келдіңіздер. Биыл Маңғыстау облысына 50 жыл , Ақтауға 60 жыл. Бұл шараның суретшілер үшін маңызы зор. Симпозиум аясында суретшілер қылқалам арқылы Маңғыстаудың өзіндік табиғи, географиялық ерекшеліктерін және облыс орталығындағы көз тартарлық орындарын бейнелейтін тың картиналар салады деген үміттеміз, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, симпозумның мақсаты республикамыздың беделді және талантты қылқалам шеберлерінің басын қосып, көркемсурет саласы бойынша пікір алмасу, тәжірибемен бөлісу, шеберлік бойынша мастер-класс көрсету. Сондай-ақ өңірдің көз тартарлық орындарын бейнелейтін өнер шығармаларын жасау.
-Симпозиумға облыстардан арнайы білімі бар кәсіби суретшілер шақырылды. Жалпы қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қоймадық. Симпозиум аясында суретшілер өздері картина салады. Көрме де ұйымдастырылады. Мұндай шараның шығармашылық өкілдері үшін маңызы зор,- деді «Қазақстан Республикасы суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Құлбаев.
Симпозиумға еліміздің түкпір-түкпірінен 14 суретші қатысуда. Олардың арасында Алматыдан келген Бейбіт Әсемқұл, Ғалия Төремұратова, Атырау қаласынан келген Рафаэль Слекенов, Алматы облысынан Алмас Нұрғожаев, Оралбек Қабөке, маңғыстаулық Манап Қосан, Болат Бәкібаев пен Мұрат Тілеубаев бар.
-Маңғыстауға осымен үшінші рет келуім. Қала өзгеріп, дамыған. Маңғыстаудың әсем табиғаты, тау-тастары көздің жауын алады. Шығарма жасауға таптырмас ерекше жер. Жалпы жанрлық бейнелеу өнерінде тақырыпқа сай адамдардың санасына жету үшін тарих бейнеленуі керек. Наным-сенім, аңыз бейнеленуі керек. Тақырыптық жанрды ескеретін болсақ мұның барлығы Маңғыстауда бар, деді суретші Оралбек Қабөке.
Республикалық суретшілер симпозиумы 19 шілдеге дейін жалғасады.