Ақтауда шахматтан «World Schools Team Championship» атты бірінші әлем чемпионаты басталды. Теңіз жағасындағы қалаға әлемнің 53 елінен 400-ден астам қатысушы келді.
Чемпионаттың басты ерекшелігі – шахмат үйірмесі мен секциясының тәрбиеленушілері емес, шахматты жақсы көретін қарапайым мектеп оқушылары қатысады. Ақтауда ТМД елдерінен, Африка, Оңтүстік Америка, Еуропа және Азия елдерінен мектеп командалары жиналды. Кей командаларға Қазақстанға жету оңай болған жоқ. Мәселен, Нигериядан келген қатысушылар Ақтауға үш тәулікте жеткен. Алдымен Дубайға, одан Алматыға, одан кейін Ақтауға ұшты.
- Жолдан қатты шаршағандықтан, қаланы әлі көріп үлгермедік. Бірақ Алматы әуежайында бізді өте жақсы қарсы алды, халық өте қонақжай. Ауа-райына келетін болсақ, мұнда біздегіден әлдеқайда ыстық екен. Бірақ қазір біздің елде жаңбырлы маусым, - деді Нигериядан келген қатысушы, команда капитаны Олюмидэ Айодеджи Акиндаюни.
Бұл командада 12 жасқа дейінгі категорияда өнер көрсететін 5 мектеп оқушысы бар. Әлем чемпионатына бару үшін жігіттер Нигерияның түкпір-түкпірінен қатысқан мектептер арасында ұлттық іріктеуден жеңіске жеткен.
- Нигерияда шахмат соншалықты танымал ойын емес еді, бірақ команда бірнеше мектепаралық жарыстарда жеңіске жеткенде адамдар шахматқа бірте-бірте қызығушылық таныта бастады. Негізі біздің елде шахмат ойынының ережесін, қалай ойнау керектігін көбі білмейді. Бірақ біз бұл спортты танымал етуге тырысамыз. Ал біз жеңіске жеткен сайын елімізде шахматтың танымалдығы арта түседі деп ойлаймын,- дейді команда мүшесі Айсаак Олуборот.
Чемпионат халықаралық және қазақстандық шахмат федерацияларының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Чемпионат екі категория бойынша өтеді: 12 жасқа дейінгі және 18 жасқа дейінгі спортшылардың қатысуымен. Қазақстанның намысын 6 қаладан 10 мектептің, оның ішінде Ақтаудан екі мектептің оқушылары қорғайды.
- Біз Ақтауда өткен күндер балалардың жадында мәңгі сақталатындай жағдай жасағымыз келеді. Қатысушылар бір-бірімен араласып, міндетті түрде достар табады, тәжірибе алмасады. Ал біз чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне жан-жақты қолдау көрсетеміз. Жарыстың негізгі мақсаты – зейінді, білімді, ерік-жігерді қажет ететін бұл спорт түрін насихаттау. Ақтау түрлі деңгейдегі қонақтарды қабылдауға дайын. 2018 жылы біз Каспий маңындағы бес елдің президенттерін қабылдадық. Сондықтан кез келген адамды қабылдауға мүмкіндігіміз бар»,– деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович мұндай әлем чемпионаттары тұрақты болатынын атап өтті.
- Біз бұл ойыннан барлығы ләззат алып, жақсы дәстүрге айналғанын қалаймыз. Егер барлығы біз ойлаған деңгейде өтсе мұндай чемпионаттарды тұрақты өткізіп тұруға мүмкіндік бар. Жекпе-жек қызу болары сөзсіз. Әр елден ең мықты деген мектептердің оқушылары келді. Әрине, қазақ мектептері медаль үшін күресте жан аямайды. Бірақ Түркия, Грузия, Үндістан, Қытайдан мықты командалар бар. Қиын жекпе-жек болмақ,– деді Аркадий Дворкович.