Бүгін Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мотивациялық кездесу өтті. Кездесуге медиамаман, саяхатшы-блогер Өркен Кенжебек, психолог, жиһанкез Динара Болат және белгілі кәсіпкер Жалғас Дәулетов арнайы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара барысында спикерлер өзінің тұлғалық даму, жетістік жолы мен жеке бренд қалыптастыру тақырыптары бойынша әңгіме өрбітті.
"Мұндай кездесу жастарға керемет білімнен гөрі бағдар сыйлайды деп ойлаймын. Қазір қай саланы таңдасаң да өз көшбасшысы бар. Осы ретте, біз, көшбасшыларға қарап-ақ бой түзеуге болатынын жеткізгіміз келеді. Біздегі негізгі миссия - адамның бойындағы сенімділікті ояту", - дейді медиамаман Өркен Кенжебек.
Ол өз сөзінде жастардың тең білімді немесе жай ғана намысшыл болуы жеткіліксіз екенін атап өтті. Бұл ретте жастар білімді болумен қатар іскер, алғыр болғаны шарт. Себебі бір бойына бірнеше дағдыны қалыптастырған адам ғана өзгелерді соңынан ерітіп, көш бастауына себепші болатынын нақтылады.
Ал маңғыстаулық кәсіпкер Жалғас Дәулетов кәсіпкерлік бағыттағы маңызды кейстерімен бөлісті. Оның айтуынша, сұраныс ешқашан да нөлге түспейді. Сондықтан кәсіпкерге сұранысқа сай өзгеріс пен үздіксіз даму керек.
"Қандай жағдай болса да сапалы қызмет ұсынуды мақсат ет. Аллаһ адамға орындалмайтын арманды ойлайтпайды. Сол себепті де арманыңның соңына ілес. Әрбір қиындықтың артында жетістік тұр. Тек сенім керек", - деді кәсіпкер Жалғас Дәулетов.
Өмірде білім, сезім, сәттер ғана маңызды. Динара Болаттың айтуынша, жастық шақ тәтті естеліктер мен жаңа деңгейге шығу мүмкіндігі. Сол себепті де спикер жастарды бойда қуат барда жақсыны жасауға, еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар саяхаттаудың маңыздылығына тоқталды.
"Жастық шақта саяхаттау өте маңызды. Саяхаттаған сайын бойдағы тұлғалық қасиет дамиды. Коммуникация орнайды, талғам артады. Ең бастысы отансүйгіштікке баулып, сізді бақытты етеді", - дейді саяхатшы Динара Болат.
Алдағы уақытта мотивациялық кездесулер жиі ұйымдастырылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА