Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиевтің қатысуымен ардагерлер кеңесінің кездесуі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пленум жұмысына Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің 19 мүшесі, оның ішінде Маңғыстау облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, Ақтау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай, Жаңаөзен қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүзбай Күмісбаев, Қарақия ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Бегниязов, Мұнайлы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбілов, аға буын ардагерлер Ақмоншақ Баужанова, Маңдайлы Қосымбай, Даржок Сейбағытов, Саламат Нұрұлы, Есберген Іңірбаев, Амангельді Алмажаев, Сайлау Қалимағамбетов, Асылбек Айдаров сынды өлкемізге танымал азаматтар қатысты.
Өңірде барлығы 2 қалалық және 5 аудандық ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Тіркелген мүшелердің жалпы саны 59 мыңнан астам адамды құрайды. Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов іс-шара барысында ұйымның өткен кезеңдегі облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің, және бастауыш ұйымдарының жұмыс барысы туралы қызметінің қорытындылары және жұмыс барысында туындайтын мәселелер туралы айтып берді.
-Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы азаматтық қоғамның беделін арттыру туралы бірнеше рет айтқан еді. Біз-ардагерлер кеңесі ретінде-бұл бастаманы қолдаймыз. Мемлекет бізге азаматтық қоғам ретінде өңірдің мәселелерін көтеруге, сондай-ақ қоғамымыздың бірлігін нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізуімізге барлық жағдай жасаған. Мәселен, өткен жылы Бейнеу ауданының ардагерлеріне барлық қажетті дүниелермен жабдықталған, жөндеуден өткен ғимарат берілді.
Форт-Шевченко қаласында Ардагерлер Үйі жаңадан салынған ғимараты берілді.
Жеңіс Күні қарсаңында Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында және Жаңаөзен, Ақтау қалалық ардагерлер ұйымдарында ардагерлер арасындағы спорттық іс-шаралар өтті. Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының үш ардагеріне 1,5 миллион теңге, ал 520 тыл ардагерлерінің әрқайсысына 138 мың теңге көлемінде біржолғы төлем берілді, - деп атап өтті Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов.
Кездесу барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев азаматтық қоғамды қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі екенін, бұл шараларды іске асыруға ардагерлер, аға буын өкілдері елеулі үлес қосып жүргенін айтты.
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамды қолдау және оның әлеуетін нығайту қажет», - деген болатын. Бүгінде ардагерлер кеңесі үкіметтік емес ұйымдармен қатар шетте қалмайтынын және өңірді дамытуға үлес қосып жүргенін көріп отырмыз. Біздегі аға буын-ұлылық пен даналықтың символы, сондықтан біз Кеңестің бастамаларын қолдаймыз, олардың ескертулері мен ұсыныстарына әрдайым құлақ асамыз. Себебі, билік пен қоғам арасындағы сындарлы сұхбат — өте маңызды әрі қажет, - деді Ұлықбек Тінәлиев.