1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында және перинаталдық орталықта “Ашық есік” күні өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Дәрігерлер ауыл-ауданнан, қаладан келген балалардың ата-анасына бүлдіршін денсаулығына қалай жақсы күтім жасау керектігін түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті.
Атап айтсақ, педиатр, балалар эндокринологы, балалар инфекционисті, балалар хирургі, көз дәрігері, кардиолог, онко-гематолог, невропатолог секілді түрлі бейіндегі 20-дан астам маман 350-ден астам балаға медициналық қызмет көрсетіп, кеңес беру жұмысын жүргізді.
Облыстық балалар ауруханасында ем алып жатқан балалар да назардан тыс қалмады. Аурухана қызметкерлері қызықты дамытушы ойыншық үлгілері, сурет альбомдарын табыстады. Мереке қарсаңында барлық балаларға қуанышты көңіл күй сыйлады.
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы медициналық генетика бөлімшесінің қызметкерлері туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларын ерте анықтау мақсатында жүргізілетін неонатальдық скриниг барысында анықталып, бақылауға алынған балалар үшін қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас генетик маманы, орталықтың медициналық- генетикалық бөлімнің меңгерушісі Нұргүл Саламатқызы Жүсіпова орфандық ауруға шалдыққан балалардың ата-аналарына әртүрлі сұрақтары бойынша кеңестер берді.
Шара барысында балаларға құрамы фенилаланинсіз дайындалған тағамдардан дастарқан жайылып, сыйлықтар ұсынды.