Маңғыстау облысына Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров және Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев іссапармен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Депутаттар іссапар барысында Рауан тұрғын үй массивіндегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылысымен танысты.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша халыққа қолжетімді әрі сапалы, жайлы мектеп салу жөнінде тапсырма берген болатын. Жұмыстың орындалу барысын бақылау мақсатында Маңғыстау өңіріне келдік. Жалпы елімізде 300-ден астам «Жайлы мектеп» салу жоспарланған болса, оның 20-сы Маңғыстауда салынбақ. Елімізде жасалып жатқан алғашқы пилоттық жоба болғандықтан кей мәселелер бар. Бірақ, оны шешу үшін жұмыстанатын боламыз, - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Ары қарай депутаттар Ақтау қаласында орналасқан көтерме-тарату орталығына келіп, қарқын алған құрылыс жұмыстарына оң баға берді.
- Ақтау қаласында орналасқан көтерме-тарату орталығы құрылысы Президент бақылауында. Маңғыстауда халық тұтынатын тауарлардың басым үлесі өзге өңірлер мен шетелден келеді. Ал бұл орталық қызметі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септеседі. Болашақта облыс нарығына өтетін көкөністердің осы орталықтан таратылатыны қуантады. Халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететін, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын бірқалыпты ұстауға ықпалдасатын нысан құрылысын жіті қадағалаймыз. Жеке кәсіпкердің айтуынша, құрылыс жыл соңына дейін аяқталады, - деді Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров.