Ақтауда Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында қоғам белсенділері жасөспірімдер арасында белең алған кеселді мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дөңгелек үстелге облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Жайнат Бахытбайұлы, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Амангүл Әбдіғалиқызы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Асқар Махмутов, сондай-ақ МО прокуратурасының, Полиция басқармасының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің модераторы қызметін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Түгелқызы атқарды.
- Бұл жиналысымызда өңірдің әрқилы әлеуметтік саласындағы жұмысымыздың оң нәтижелі болуы үшін ұсыныстар айтылғанын қалаймын. Өздеріңіз білесіздер, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, ерте жүктілік, суицид, ғаламтордағы алаяқтық секілді үлкен мәселелер бар. Күні кешегі соңғы қоңырау шарасында Маңғыстау облысындағы оқушылардың заң бұзушылықтары әлеуметтік желі арқылы кең таралды. Алдымызда оқушылар үшін жазғы демалыс айы келе жатыр. Облыста балалар жазғы лагерлермен қамтылған. Ал үйінде болатын балалардың уақытын тиімді өткізуі үшін, ұсыныстарыңызды ортаға салыңыздар, - деп жиынның алғысөзін айтты облыс әкімінің орынбасары.
Отырыста балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид сынды мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды.
- Өңірімізде толғағы жетіп тұрған, шешімін таппай жүрген мәселелер көп. Маңғыстау облысындағы ертежүктілік мәселесі республика деңгейіне көтеріліп келеді. Мектеп бітіруші түлектердің кешегі төбелесі жыл сайын эстафета секілді әр аудан, қалада қайталанып тұрады. Біз осында қоғам белсенділері болып, сол мәселелерді талқылаймыз-ау, ал сол балалар мен ата-аналары үйлерінде не ойлап отыр? Алыстың бәрін жақындаттық, шүкір, ақшамыз да бар, материалдық байлықты жиып жатырмыз. Әйтсе де біздің болашағымыз жастар мәселесі өте өзекті. Жастар мәселесін біз неге қоғам белсенділерімен ғана талқылауымыз қажет. Біз қала әкімінің орынбасарына баласын тастап кеткен ата-аналар жайлы хат жазамыз. Осы мәселелерді облыс тұрғындарының санасына кіретіндей етіп құжат, бағдарлама дайындауымыз қажет деп ойлаймын, - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемологы Марал Қадыр.
Жиынға қатысушылар өз пікірі мен ұсыныстарын ортаға салып, балаларға ата-ана тарапынан бақылау болуы қажет екенін айтты.