Маңғыстау облысында 3-7 қазан аралығында «Мотокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Негізгі мақсат - мотокөлік жүргізушілерінің, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын авариялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ автожолдардағы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, электрлі самокат пен мопедтерді басқаратын адамдардың жол жүрісі ережелерін бұзушылықтың алдын алу және анықтау, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері 522 мопед жүргізушісін тексеріп, оларға қатысты 208 әкімшілік хаттама жасақтады. Бес күннің ішінде айыптұраққа 95 мотокөлік жабылды.
Маңғыстау облысының ПД мотокөлік иелерін жолда өте мұқият болуға, мотошлемдерді әрдайым пайдалануға, қандай жағдай болса да жол қауіпсіздігі нормаларын бұзбауға, бірінші кезекте жылдамдық режимі мен маневр жасау ережелерін сақтауға шақырады. Бұл талаптарды елемеу жарақатқа немесе тіпті адам шығынына әкелуі мүмкін екенін ескертеді.