Бүгін Маңғыстау облыстық сотында облыстық сот төрағасы Бек Әметұлының құрметті демалысқа шығуына орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, мемлекеттік және құқық қорғау органының басшылары, алқа төрағалары мен облыстық сот судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Сот әкімшілігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшылығы және сот қызметкерлері, сот жүйесінің ардагерлері қатысты.
Н.Ноғаев Б.Әметұлының заң үстемдігі жолында жасаған қызмет жолына тоқталып, еліміздің сот төрелігі мен өңір соттарын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Сот саласында үздіксіз 29 жыл қызмет еткен Б.Әметұлы алғашқы еңбек жолын Тайпақ ауданының халық сотынан бастап, түрлі қызметтерді республиканың әр жерінде атқара отырып, киелі Маңғыстаудан отставкаға шығып отыр. Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, аталған соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Ақмола облыстық сотының кассациялық алқасының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған.
Одан әрі Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Г.Бақытжанова Б.Әметұлының туралықтың тірегі саналатын сот төрелігіне, әділдіктің жаршысы аталатын судья деген атқа кір келтірмей, сот жүйесіндегі жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарғаны үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке тіледі.
Сондай-ақ салтанатты жиын барысында оның атына сот корпусы тарапынан көптеген жылы лебіз бен тілек айтылды. Жиын соңында Б.Әметұлы әріптестеріне бірге ауызбіршілікте абыройлы жұмыс атқарғандары үшін ризашылығын білдірді.
Сот ұжымы Б.Әметұлына адал және мінсіз қызметі, кәсіпқойлығы, терең білімі мен тәжірибесі үшін алғыстарын білдіріп, иығына зерделі шапан жауып, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 6 қазандағы Жарлығына сәйкес Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Б. Әметұлы құрметті демалысқа шығуына байланысты қызметінен босатылды.