Ақшұқыр ауылында қорадағы қойға қараусыз жүрген иттер шауып, қырып кетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл тұрғыны Жанаргүл Таңғалиева қорадағы бірнеше қойынан екі кештің арасында айырылып қалды. Аз ғана малды қамаулы тұрған жерінен иттердің қырып кетуі оны қатты ашындырып отыр.
«Кешкілік уақытта қаңғыбас иттер қорамыздағы малға шауып, қырып салды. Бұған дейін иттер көшеде сабаққа бара жатқан балаларды қуған жайттар болды. Осыған әкімдік тарапыпан тиісті шара қолданса екен. Осы бетімен кете берсе, иттер адамға шабады», - дейді ауыл тұрғыны Жанаргүл Таңғалиева.
Оқыс оқиғаға қатысты Түпқараған ауданы әкімдігінің мамандары түсініктеме берді.
«Бұл мәселе бойынша тұрғын өтініш түсірді. Соның негізінде қараусыз иттерге қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жыл басынан бері Ақшұқыр ауылында 200-300 шамасында бұралқы ит ауланған», - деді Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.
Ал Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшылығы Ақшұқыр ауылында жағдайға байланысты нақты қадамдар жасалғанын жеткізді.
«Ауылдағы ветстанция мамандары қараусыз жүрген иттерді толықтай аулады. Жалпы, біз заң бойынша иттерді ата алмаймыз. Қараусыз жүрген ит пен мысықты ұстағаннан кейін, уақытша ұстау орындарына апарып жатырмыз. Алайда оған бөлінген қаржы жоқ. Сондықтан соңы қалай боларын өзіміз де білмейміз. Себебі, өңірде арнайы панажайлар салынған жоқ. Келесі жылы панажай салуға қажетті қаржыны қарастырып жатырмыз», - деді басқарма басшысы Бердібек Мархабаев.
Наурыз айында арнайы заң қабылданғалы бері иттерді панажайларда ұстау керектігі міндеттелген. Алайда оған қажетті қаржы биылғы бюджетте қарастырылмаған көрінеді.
«Аудандарда қараусыз иттерді ұстау үшін панажай салу туралы әкімдерге хат жаздық. Оның барлығы жүз пайыз атқарылды деп айта алмаймын. 2022 жылдың басынан бері облыс бойынша 9 169 ит ауланды. Біз адамға немесе малға шабуыл жасаған иттерді бірден атып, жансыздандыру жұмыстарымен айналысып отырмыз. Олардың көзін жоймаса, қайтадан шабуыл жасай береді. Себебі, олардың ұстайтын бізде орындар жоқ», - дейді Бердібек Мархабаев.
Қазір өңірде панажай салу бойынша арнайы орындар дайындалып жатыр. Келесі жылы олардың алды пайдалануға берілетін болады.