Маңғыстау Антикор Ақтау қаласы бойынша 20-дан астам шағын кәсіп иелеріне көмек көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Антикор өкілдері кәсіпкерлер мәселесін жіті зерделеп, кедергілерді еңсеру мен оң шешімін табуына септесті. Соның ішінде Ақтаудағы "Ақбота" саябағының аумағында бөлшек сауда қызметін жүзеге асыратын 20-дан астам шағын кәсіпкерлік субъектілерінің арыз-шағымына құлақ түрді. Олар Ақтау қалалық әкімдігінің саябақ аумағында бөлшек сауда қызметімен айналысуына рұқсат бермегендігін жеткізді. Осыған орай "Antikor" орталығында Ақтау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен шағын бизнес иелерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды.
Нәтижесінде жергілікті атқарушы орган кәсіпкерлер қызметіне рұқсатты ұзарту туралы шешім қабылдады.
Осы тұста мұндай іс-шаралардың "Адал көмек" жобасы аясында жүзеге асырылғандығын атап өткен жөн.