Ақтаулық 9 жастағы Сабина талай жұрттың жүрегін елжіреткен еді. Әмианынан ақшасын алып, қайыр сұрап тұрған азаматқа апарып берген оқушының әрекеті көпшілікті сүйсіндірді. Ал Сабина қайыр сұраған кісіге өзіне планшет сатып аламын деп жинап жүрген ақшасынан берген екен. Сабина Ақтау қаласының № 5 орта мектебінде оқиды. Оның айтуынша, көше бойында тұрған кісіні сол жерден жиі көреді екен. Ылғи мұқтаж күйде көргендіктен, еш жасқанбай қайырымдылық жасауға бел буыпты.
Мен ол кісіге ақша бердім. Өйткені ол қарны ашқан екен деп ойладым. Оған ақша бердім. Ол ағайды мен күнде көремін. Сол үшін мен одан қорықпаймын, - дейді Сабина Ерғалиқызы.
Сынып жетекшісінің айтуынша, Сабина тәртіпті, сабақ үлгерімі жақсы оқушылардың қатарында. Көп ішінен қолында барын аямайтын ақкөңілдігімен бірден көзге түскен Сабина бүгінгі үй тапсырмасы үшін құрбысына арнап ашық хат жасап әкеліпті.
Қызымның істеген қайырымдылығын әлеуметтік желілерден көріп таңқалдым. Бірақ, Қазақстан аумағы бойынша түгел тарап кетеді деп ойламаппын. Өте қуаныштымын, мақтанып тұрмын қызымның ісімен. Негізі ол планшетке жинап жүрген қалтасына салатын ақшаларын. Планшетке жинап жүрген. Сол ақшаны жағдайы мүшкіл адамға бергісі келіп шешкен екен, - дейді Сабинаның анасы Динара Карабалина.
Оқушының ата-анасы да үйсіз жандарға көп көмек көрсетеді екен. Ал Сабина бауырлары мен туыстарына қамқор, лидерлік қабілетке де ие бала дейді анасы.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Ахат ҚАБЫЛОВ