Кеше Маңғыстау облысы әкімі С.Трұмовтың қатысуымен VI сайланған облыстық мәслихаттың кезекті 33-сессиясы өтті. Келелі басқосуда бірқатар өзекті жайттар, нақтыласақ аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, шағын және орта кәсіпкерлік өрісін кеңейту, құқықтық тәртіпті қадағалау, сондай-ақ 2020-2022 жылдарға арналған облыс бюджетін нақтылау төңірегінде туындаған мәселелер қозғалды.
Алдымен Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а. Ж.Досполова баяндама жасады.
«Облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың төмендегі түрлері қолданылады. Олардың қатарында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, жоғары оқу орындарының оқу ақысын төлеу бойынша, өмірлік қиын жағдайларға байланысты төленетін біржолғы көмек, АӘК алатын төрт және одан да көп балалы отбасыларға көрсетілетін өзге де көмек түрлері бар. Атаулы әлеуметтік көмекті алуға жан басына шаққанда орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен азаматтар құқылы. Атаулы көмекпен 2019 жылдың қорытындысы бойынша облыста 10781 отбасының 54045 мүшесі қамтылып, 5 млрд 996 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып 2 топқа бөлінеді. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек өңір бойынша 2696 отбасыға тиесілі. Шартты атаулы көмек 8085 отбасыға, яғни 46 765 адамға көрсетілді», - дейді басқарма басшысының м.а. Ж.Досполова.
Атаулы әлеуметтік көмекке 1 қаңтардан бастап көптеген өзгерістер енгізілді. Былтыр көмек бір жылға тағайындалған болса, ендігі кезекте әр тоқсан сайын арызданушылар отбасы табысы туралы мағлұматты басқармаға әкеліп, соның негізінде көмек тағайындалады. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың 1-3 және 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндері әлеуметтік кепілдендірілген және гигиеналық пакеттермен, 18 жасқа дейінгі балалары мектептерде арнайы ыстық тамақпен және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен, оқу жылының басында арнайы формамен қамтамасыз етіледі сонымен қоса қоғамдық көлікпен тегін қатынау мүмкіндігіне ие болады.
«Атаулы әлеуметтік көмекті оңтайландыру бағытында тиісті Министрлікпен бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда. Болашақта әлеуметтік көмекке, ыстық тамаққа, жол ақысына берілетін көмектің барлығы Казпоштаның ID-картасы арқылы жүзеге асады. Тұрғын үй көмегі қалалар мен аудандарда барлық деңгейдегі мәслихаттар шешімімен бектілген. Көмектің бұл түрі белгілі бір санаттағы азаматтарға беріледі. Бұндай төлем үрдісі әрі қарай өз жалғасын табады. Бұл мақсатта өткен жылы 1 231 отбасына жергілікті бюджет есебінен төлемдер төленді. Бұл санаттағы көмекке мұқтаж отбасылардың 85,6 пайызы Ақтау қаласының тұрғындары. Бұл бір тараптан қаладағы коммуналдық қызмет құнының жоғары болуымен де байланысты. Бейнеу мен Түпқараған аудандарында тұрғын үй көмегі көрсетілмейді. Себебі аталған аудандарда коммуналдық төлем мөлшері өте төмен», - дейді Ж.Досполова.
Сондай-ақ облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірдегі шағын және орта бизнестің ахуалы, даму әлеуеті жөнінде облыстық мәслихат депутаты А.Меңдібаев ақпаратпен бөлісті.
«Өңірде шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы тұрақты түрде қамтамасыз етілуде. Былтырғы қорытынды бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субьектілерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артып, 53 мыңға жетті. Сонымен қатар былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы жұмыспен қамтылған халықтың ішіндегі кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер үлесі 39 пайызды құрады. Шығарылған өнім көлемі 865 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 млрд теңгеге артық. Жедел деректерге сәйкес жалпы өңірлік өнімдердің шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 23,9 пайызға жетті. Кәсіпкерлікті дамытуға арналаған бірқатар бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Олардың алдыңғы қатарында «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамтыу», «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы» және т.б. мемлекеттк бағдарламалар бар. Биыл кәсіпкерлікті дамыту аясында 779 жобаға қолдау көрсетіп, 2000-ға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өңірдің 85 жобасы қолдау тапты. Жобалардың жалпы құны 64 млрд теңгені құрайды. Ауылшаруашылығы секторындағы кәсіпкерлер былтыр 20 млрд теңгенің өнімін өндіріп, аталған саланың нақты көлем индексін 105,6 пайызға жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында облыстың 333 субьектісіне 985 млн теңге қаржы көлемінде субсидиялау берілді. 2020 жылы ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемін 21 млрд теңгеге, ал нақты көлем индексін 103 пайызға жеткізу жоспарланған. Агросекторда кәсіпкерлік қызметті қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 753 млн теңге бөлінді», - дейді А.Меңдібаев.
«2020 жылы жалпы сомасы 6 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында екі жылыжай, құс фабрикасы, түйіршіктелген құрама жем өндіру зауыты, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы құрылысын бастау бар. Аталған жобалар облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін өте маңызды болмақ. Жылыжай кешендерінің кеңейтілуі өңір халқын жеміс-жидектер мен көкөністермен қамтамасыз ету көрсеткішін 12 пайыздан 15 пайызға жетірмек. Ал құс еті мен жұмыртқа өндіретін құс фабрикаларын іске қосу өңірді аталған өнімдері қамтамасыз ету пайызының кезең-кезеңімен 50 пайызға өсіру мүмкіндігіне ие болады», - дейді ол.
Бұдан бөлек басқосуда алдағы 2 жылға жоспарланған облыс бюджетін нақтылау бойынша шешім депутаттар қарауына беріліп, қызу талқы орын алды. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев баяндама жасады.
«Биылғы облыстық бюджет шығыстар бойынша 211 млрд теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде жергілікті бюджет көлемі 160,9 млрд теңгені құрады. Осы нақтылау жергілікті бюджеттің параметрлерінің ішкі түзетулеріне жүргізіледі. Бірінші - жыл басынан бері қалыптасқан кредиторлық берешектерді өтеу. Кредиторлық берешектердің жалпы сомасы 205 млрд теңгені құрйды. Осы нақтылауда 1,4 млрд теңгені құрайтын кредиторлық берешек жабылады. Екінші - ағымдағы бюджеттің бағыттары. Кадр тапшылығын шешу мақсатында шақырылатын мамандарға тұрғын үйлер сатып алу үшін несие беруге 500 млн теңге қарастырылған. Олар - білім беру және денсаулық сақтау саласына тартылатын мамандар. Қоғамдық қауіпсіздік саласына 293 млн теңге, білім беру саласына 160 млн, денсаулық сақтау секторына 66 млн, әлеуметтік қамсыздандыру саласына 312 млн, ақпараттық саясат пен мәдениет саласына 68 млн, коммуналдық шаруашылық саласына 289 млн, жолдарды орташа жөндеуді жалғастыруға 70 млн, «Нұр капитал» бағдарламасын іске асыруға 250 млн., «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға 110 млн., азық-түлік қорын тұрақтандыруға 100 млн., Ақтау қаласындағы арнайы санаттағы азаматтардың қалаішілік көліктерде тегін жүруге 150 млн теңге қарастырылған. Үшінші - даму бюджеті төрт жоба құрылысын аяқтауға және 24 жобаны жалғастыруға бағытталатын болады. 30 пайызы білім саласына бағытталады, яғни көрсетілген қаржыға 2 мектептің құрылысы және екі қосымша құрылыс жалғасады. Сонымен қоса екі оқу ордасына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сумен қамту бойынша үш нысан құрылысын жалғастыруға 225 млн теңге, ал транспорт бойынша жобаларды қаржыландыруға 451 млн теңге бағытталады, көрсетілген қаражатқа төрт жол құрылысы жалғасады. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға 133 млн. теңге қарастырылады. Төртінші - осы нақтылауда бюджеттің кіріс бөлігіне тек «Өзенмұнайгаз» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері бойынша кірістер енгізіледі. Қаржының басым бөлігі Жаңаөзен қаласының дамуы бойынша кешенді жоспарды іске асыруға бағытталады», - деп мәлімдеді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев.
Бұдан өзге мәслихат сессиясының қарауына Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау, Мұнайлы аудандық мәдениет үйіне Ф.Оңғарсынова есімін беру, Бейнеу аудандық әкімдігінің «Сам» мектеп-балабақшасына Көшекен Қалауовтың есімін беру және өзге де өзекті мәселелер ұсынылды. Сондай-ақ басқосу барысында ҚР бюджетін атқарылуын бақылау бойынша есептік комитетінің төрайымы Н.Годунова ұсынысымен Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағалығына Н.Иманбердиев тағайындалды.
Маңғыстау облысы әкімі С.Трұмов депутаттық комиссия отырыстарында бюджетті нақтылау барысында халық қалаулылары тарапынан түскен қосымша жобаларды қаржыландыру бойынша ұсыныстарды мұқият саралап, алдағы уақытта өзекті мәселелер кезең-кезеңімен іске асатындығын мәлімдеді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ