Ақтау қаласында «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен проблемалық мәселелерді талқылау және ұсыныстар әзірлеу үшін аймақтағы мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында сұхбат алаңын өткізді.
Сұхбат алаңының аясында бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижелері таныстырылды.
- «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ 2019 жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі бойынша ауылдық әкімдіктер мен жергілікті қоғамдастық мүшелерінің, ауылдық кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру арқылы азаматтар үшін «ашық бюджетті» қалыптастыруға және азаматтарды бюджет процесіне тартуға бағытталған «Азаматтардың бюджет процесіне қатысуы» жобасын жүзеге асырады, - деді жоба директоры Жібек Ахметова. - Бұл жоба Сорос-Қазақстан Қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады. Тұрғындар үшін түсінікті және қолжетімді болатын бюджет процесі туралы мәліметтер көбінесе жоқ немесе тұрғындар қолда бар ақпаратты түсініп, талдай алмайды, сәйкесінше азаматтар өздерінің бюджет саясатына әсер ету мүмкіндігі жоқ деп ойлай бастайды. Әрине, егер мүдделі тараптар (азаматтар мен билік) осы мәселені шешуге қатыспаса, онда ол шешімін таппайды.
Жоба аясында қойылған мақсатқа жету үшін нәтижелі жұмыстар тындырылған. Мәселен, ауыл әкімдіктері, жергілікті қауымдастық мүшелері және ауыл кәсіпкерлері үшін қоғамдық мониторинг бойынша «Бюджеттік процесс. Мемлекеттік сатып алу» тақырыбында екі күндік тренингтер өткізілді. Ақтау және Жаңаөзен қалаларының мемлекеттік сатып алулар арқылы жүзеге асырылатын бюджет қаражатының жұмсалуына және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мониторинг жүргізілді. Сондай-ақ жастар арасында бюджет сауаттылығын арттыру мақсатында «Бюджеттік квест» зияткерлік ойыны өткізілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жасұлан Маршақұлы мемлекеттік қызмет сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу мәселелері жайында әңгімеледі.
Тәуелсіз зерттеуші Гүлден Аубакирова «Азаматтардың бюджет процесіне қатысуы» жобасы аясындағы жергілікті бюджеттің тиімді пайдаланылуына жүргізілген қоғамдық мониторингтің нәтижесі туралы баяндады.
Шараға қатысқан үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар және басқа да мүдделі тараптар өкілдері көтерілген мәселе, айтылған сын-ескертпелерді талқылап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА