Әріптесіміз, белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп 60 жасқа толып отыр.
Отыз алты жылдан астам уақытын баспасөз саласына арнаған қаламгердің руханият саласындағы сөз өнерімен өрнектеген ой еңбегінің жемістері облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланып, бірнеше кітап болып жарық көрді. Жақсы атаға лайық ұл болып қана қоймай ұлтын сүйген ұлағат иесі екендігін толымды туындыларымен таныта білген оның бүгінге дейін «Жүрегімнің толқындары», «Асау жүрек», «Дүрия-дүние», «Асылдың сынығы», «Алматы ғазалдары», «Дыбыстар дірілі» т.б. бірнеше кітабы баспадан шыққан. Бұйырса, биылғы мерейтойына орай ақынның алты томдық еңбегі баспадан жарық көрмек.
Ғалым Бисембіұлына алда да амандық пен саулық, отбасына құт-береке, шығармашылығына шалқыған шабыт, мол табыстар тілейміз. Бибігүлдей аяулы жарыңызбен, алтын қасықтай ұл-қыздарыңызбен, сүйкімді немерелеріңізбен бірге өмірдің қуанышы мен бақытына бөлене беріңіз!
Ізгі тілекпен, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС ұжымы
Ғалым Әріп шығармашылығы хақында
(Әр жылдарда жазылған мақалалар мен пікірлерден қысқартылып ұсынылып отыр)
Егер ұмытпасам, 1995 жылы Алматыда жаңадан ашылған «КимЭП» баспасының директоры Мәншүк Шәжімова үйге әдейі іздеп келіп, өз баспасынан шыққан ең алғашқы өнімді ұсынған еді. Көлемі оншақты баспа табақтық «Жүрегімнің толқындары» атты бұл өлеңдер мен балладалар жинағының авторы маңғыстаулық жас ақын Ғалым Әріп деген жігіт екен. Оқып қарадым.
Бәлкім мені базбіреу желпінді дер,
Не десе де, о жағын еркім білер.
Мен өзімнің иемін өміріме,
Еркімді бер, дүние, еркімді бер!
(«Еркімді бер, дүние!»)
Өр өлең екен, өзі де өр ме деп қалдым. Биіктікті жырлау қашан да азаттық пен еркіндікке, тың идеяларға қиялмен қанат қағуға құштар ақындарға ғана тән ұстаным екені ақиқат қой.
Қай дәуірде де халықтың сойылын соға білген ақын нағыз ақын атанбақ. «Қазақ қандай халық?!», «Рух пен Жігер», «Жер мен Ел», «Каспий трагедиясы», тағы басқа да кең тынысты толғаулар жаза білген Ғалым Әріп шығармаларында шынайы арда көңілге құрылған нұрлы сезім шуағы, ұлттық рух қуатын аңғаруға болады. Ол қуат энергиясы, ойлы да өршіл пафос туған жерінің тектілік тұнба бұлақ қайнарынан, ата-бабаларының аруақ-айбатынан тамыр тартатын тәрізді. Өзегін өртеп шыққан өлеңдерінде дән де, тілді үйіріп әкететін дәм де, түйсіне түйін түйердей нәр мен мән де бар. (шілде 2009 ж).
Қадыр Мырза Әлі,
Қазақстанның халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
***
Ғалымды мен ақын ретінде көптен бері танимын. Қызыл шырайлы, жібек мінезді жас жігіттің имене сәлемдесіп, алғашқы өлеңдеріне әділ де бүкпесіз пікір айтуын өтінген кезі әлі есімде. Республикалық, облысаралық жас ақындардың семинар-кеңестеріне қатысып, өзін үлкен додаға да салып жүрген кездерін жақсы білемін. Аса бір адуындап алға да шыққан жоқ, әлсіздік танытып әбеқоңыр күй кешкенін де аңғармаппын. «Әліптің артын баққан» Ғалым Әріптің күндердің бір күнінде оқырман жүрегінен өз орнын табатынына күмәнім де болған жоқ. Себебі, мінезге бай, байсалды, сабырлы жігіттің алдағы болар аламан бәйгеге асықпай, абдырамай әзірленіп, өзін баптаумен жүретінін байқайтынмын...
Одан бері де біраз жыл өтіпті. Өзін көрмесем де, арагідік баспасөзде жарық көрген өлеңдерін оқып жүрдім. Жақында бір кітабы қолыма түсті.
Ақын мұнда өлеңдерін тақырыптық табиғатына лайықтап басты-басты төрт бөлімге жинақтапты. Олар: « Көңіл – көздің дүрбісі», « Жүрек – сырдың сүзгісі», «Жастық дәурен – жыл құсы», «Самға, талма, жыр құсы!».
Бірінші бөлімді, негізінен, туған жер, өскен өлке, атамекен, ауыл-ел жайындағы жырлар құрайды. Табиғаты лирик ақын осынау сары алтындай салмақты, пафостық үн-әуені басым, патетикалық асқақ рухы айшықты тақырыпты қалай игере алды екен деген күмән-күдік те болмай қалған жоқ. Өйткені, жалаң айқай, жасанды махаббат, жадағай мақтанмен бұл тақырыптың тамырын тап басу былай тұрсын, тым артық кетіп, әсіре әуестікке бой алдырсаң, өзіңді-өзің оңдырмай әшкерелеп алуың оп-оңай. Маған осы бөлімдегі өлеңдердің ішінен «Әулие тіл», « Ең сұлу әйел», «Бас ию», «Санадағы сілкініс», «Елім деген жанымды ұқ», «Желтоқсан немесе азалы жыр», «Азаматқа сын» өлдеңдері көбірек ұнады.
Жайлап қана салып көр жанар ұшын,
Болмысы оның тым бөлек, дара мүсін.
Жер бетіне тіршілік таратушы,
Жер бетіне жаралған Адам үшін!
Жүрісі де өзгеше, қылығы да,
Түсіне гөр жан сырын шын ұғына.
Кеудесінде күмбірлеп «Әлди» әні,
Бал-бұлақтың ұқсайды тұнығына.
Ақын күннен-күнге аяғы ауырлап,міне-міне, жарық дүниеге Адам әкелгелі отырған аяулы ананы, абзал ананы, ару-ананы өз жырына арқау етіпті. Ішіңнен рахметіңді айтып, сыртыңнан «бәрекелді!» демесіңе әддің жоқ! Ақын сезімталдығы, шайыр жүрегінің әсерленгіш қасиеті осындайда шаң беріп қалуы тиіс емес пе еді, шынында да!
Махаббат!
Онсыз да кептер көңлімді
самғатып алып барасың,
Шабытты ұлдың қиялы
шарлайды қазақ даласын.
Баянды ғұмыр сүрсек деп
талпынсақ уыз сезіммен,
Қолдар деп аруақ сенемін
өзінен өнген баласын.
Махаббат!
Өмірде біздер ту еттік
өзіңдей ұлы киені,
Сенімен жүрек жасарып
жасайды ғұмыр жүйелі.
Махаббат десе балқырдай
сиқырлы мынау жан-әлем,
Ағылып сөздің тиегі...-деп сөз тиегін ағытқандай, екінші, үшінші бөлімді Ғалымның өзіне етене таныс лирикалық өлеңдер легі құрапты. Шын шайырлық ащы-тұщы жеміс пен оқырман олжасы да осы ортаңғы бөлімдерде екеніне көз жеткендей болды.
Сен ренжіме,
Көзіңдегі мөлдір тұнба бұлақты,
Жүзіңдегі өмір сүйген қуатты,
Өңіңдегі ізгілікті, шуақты
Маржан жырдың жолдарына ілмесем..,
Күннен-күнге қызғалдақтай гүлде, Сен!- деп алады да, ақын өз кейіпкеріне өмірдің басқа бір құбылмалы қыры мен сырын былайша аңғартады:
Жан-тәнімен шын езіліп сүйгесін,
Мінез деген табады ғой үйлесім.
Бір сәтсіздік үшін сату – күнә ғой,
Бақыт толы махаббаттың күймесін!
Ойлау керек тәтті күндер елесін,
Елжіресең ашуыңды жеңесің.
Тағдыр-толқын аудара алмас бір соғып,
Арман толы ғашықтардың кемесін...
Соңғы бөлімнің,әдетте, жүгі ауыр. Болмысы нәзік, сыршыл ақын мұнда тәп-тәуір-ақ эпикалық кең құлашты қарымын байқатып үлгеріпті. Әсіресе, толғауларында осы өңір, аймақта өмір кешкен абыз ақындардың аруақты, арқалы сарындары менмұндалайды. «Рух пен жігер», «Сұңқарлар жас болмайды» толғауларындағы еркіндік, экспрессиялық сипат пен төгілме, көсілме желдірмелік қуат, екпін осыны аңғартады. (2008 жыл).
Исраил Сапарбай,
«Платинды Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері.
***
Бірсыпыра жинақтарымен мен де хабардар болып жүремін, оқимыз. Жас кездегі, бір шығармасы «Асау жүрек» деп аталады. Ал соңғы кездері ел туралы, қоғамдық процестегі өзгерістер-жаңғырулар туралы, соған деген өзінің көзқарасын, ел тарихына байланысты, өзі тұрған аймақтағы, сондай-ақ жалпы Қазақстанның Тәуелсіздігі, тәуелсіз ел болу жолында еңбек еткен азаматтар туралы біраз еңбектері бар. Солардың ішінде ана жылы Сүйінғара батырдың 250 жылдығы тұсында бәйге алған «Сүйінғара серті» , «Сүйінғара сыбағасы» шығармалары да бар. Сонымен қатар Каспийге байланысты, Каспий теңізінің тек бірнеше мемлекеттің еліне қызмет етіп жатқан үлкен су көзі, қатынас көзі ғана емес, сонымен байланысты оның қаншама проблемалары бар, осыларды да қозғап, үлкен қабырғалы, көлемді туынды бергенін де көпшілік біледі. Анау жылы Ақкетік деген, қазіргі аты Форт-Шевченко, бұрынғысы Форт-Александровск, 160 жылдығы тұсында, «Жаңарған Ақкетік» деген еңбегі болды. Сол кітапта да сол өңірдің , Ақкетіктің қалай Ақкетік болғаны, оның 160 жыл ішінде қалай өзгеріп, өркендегені, сонымен байланысты сол өңірде өткен небір тарихи оқиғалардың, сол Адай уезінің орталығы бола отырып, сол аймақта қаншама оқиғаларға куәгер болған мекен ғана емес, сол мекенде тұрып жатқан халықтың тағдырына арналған,көптің ілтипатына бөленген шығарма болды. Ғалым Әріп деген есімі проза жанрында да көрініп жүр, ал негізінде айтулы ақын ретінде, сонымен қатар ұшқыр журналист, ойлы публицист ретінде кеңінен мәлім. Ұзақ жылдар бойы небір өзекті, халықтың ойында жүрген көкейтесті мәселелерін қамтып, ғылымға байланысты болсын, мәдениетке байланысты болсын, елдің тарихына байланысты болсын, елдің күнделікті тұрмысына байланысты болсын, елдің келешегіне байланысты болсын мәселелердің барлығын қарпи жазып, халыққа жеткізуде үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан аса еңбекқор, аса дарынды қаламгер ініміз. (ақпан 2010)
Жұмат Тілепов,
академик, филология ғылымдарының докторы.
***
Студент кезден көзге іліккен Ғалым Әріп ініміз «Өр Маңғыстау, өлеңсің тұнып тұрған, Өздік қалпың өзгені қызықтырған. Өрекпіген басардай кей көңілді, Өжет ердің кейпіндей биік тұлғаң» деп өзі жазғандай, сол биік Маңғыстаудың парасаты биік азаматына айналып отыр. Маңғыстау биік болса, өзінің азаматтарымен биік, ақындарымен биік, өнерпаздарымен биік, қайраткерлерімен биік. Маңғыстау дегенде алмас қанжардай қылпыған намыс оты, жігердің ұшқыны көз алдыңа келеді.
Көкбайрақты желбіретіп ту ұста,
Тығылма сен тышқаншылап қуысқа.
Көкбөріге сиынған ер қорықпас,
Тәуелсіздік тұрған кезде уыста! - деп
Ғ.Әріп өзінің өлеңдегі мінезін де көрсетіп қояды. Бұның бәрі өлеңдегі рух деп жүретініміз, ақындағы арқа деп жүретініміз-бәрі осы өлеңдерге сиып тұр деп айтар едім мен.
Жырларыңнан жарық ғалам нәр алсын,
Жырларыңнан жалын алау таралсын.
Жырларыңмен шарпып өтіп дүниені,
дейді жүрек: Өмір шамын жағарсың, - деп отырған бұл Ғалымның өлеңін өзінің 50 жасына да қаратып айтуға болады.
Сол пешенең, сол маңдайда жазуың,
Сен – ақынсың, мықты темір қазығың.
Өлең сенің – өміріңнің өлшемі,
Өлең сенің – өшпейтұғын азығың.
Ақын болсаң, Көк Тәңірден елшісің,
Ақын болсаң, адамзатқа емшісің, - дейді.
Ғалым осы өлең жолдарында өзінің жан сырын, ішкі құпиясын жайып сала отырып, ақындық дейтін абыройлы аттың азаматтықпен астасып жататынын, қиын өнердің, асау тұлпардай міне алмаған адамды жығып кететұғын тарпаң мінезді өнердің сыр-сипатын ашып көрсеткендей болып тұр. (ақпан 2010 жыл)
Ұлықбек Есдәулет,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
***
Құрметті Ғалым!
Маңғыстаудағы, қарт Каспийдің бойындағы бүгінгі қаламгерлердің көшін бастаған, әулиелі өңірдегі кешегі өткен жақсылардың, тектілердің жалғасысың. Біз сенімен көп жылдардан бері дос, бауыр, замандас, қаламдас-қанаттас, қазақтың өлеңінде, өнерінде дегендей бірге келеміз. Бүгінгі сенің қуанышты күнің құтты болсын.Өміріңе де,өлеңіңе де сәттілік тілеймін. 2015
Ғалым Жайлыбай,
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
***
Әрине, Ғалым ағамыздың Маңғыстау өңіріндегі, жалпы жердің, сол елдің табиғатын, тарихын білетіндігі шығармашылығынан ерекше білініп тұрады. Соңғы уақыттары мынау адамзат ұсынған түрлі экологиялық апаттар біздің Ғалым ақынның жанарынан, шығармашылығынан, жүрек толқынысынан аулақ кетпеген. Енді міндетті түрде, мәселен, осы Батыс өңіріндегі ақындардың шығармашылығында асау мінездік қатты аңғарылады, бұл топырақтан болса керек. Ал керісінше біздің ерекше сүйіп оқитын ақынымыз Ғалым Әріп мырзаның шығармашылығында өте байсалдылық, өзінің жанына, азаматтығына, болмысына тән нәзіктік пен қайсарлықтың ұштасуы, өлеңдеріндегі сыршылдық, лирикалық ағыстардың соншалықты бір тылсым иірімдерін сезіну бұл ақынның туған топырағынан, отбасындағы тектілік тәрбиесінен, өзінің туабітті болмысынан ғой деп есептейміз.
Маңғыстау өңірінің арғы-бергі тарихына, жекелеген тұлғаларға, даңқты бабаларға қатысты жазған поэма, дастандары бір бөлек қалай болғанда да. Жекелеген өлеңдері, өзінің жыр-толғаныстары, өмір, қоғам ағыстары, әлеуметтік және рухани әдеби кеңістігімізде болып жатқан түрлі қайшылықтарымызды өлең өрнегімен, кей сәттерде тіпті кестелі көркем қара сөзбен де жеткізіп жататын жағдайы бар. Маңғыстау өңірінің соңғы кездегі экологиялық жағдайына байланысты жазған толғаулары бізді, әсіресе әдеби ортаны ерекше таң қалдырды.
Қаламгер қауымына міндетті түрде Астана мен Алматыда тұру міндетті емес қой, бірақ бұл кей сәттерде біздің осы Ғалым секілді өлеңге, өнерге, әдебиетке, мәдениетке шын берілген, шынайы әдебиеттің туабітті болмысы осы салаға жұмыс жасап жатқан азаматтардың насихаты кемшін түсіп жатқан тұстары бар. Бұл аймақта тұрақтап, орталықтағы әдеби ортадан кішкене қол үзіп қалғандығына байланысты болар, бұл біріншіден. Ал, екіншіден, Ғ.Әріп әдебиетпен қоса, ғажайып публицист, журналист ретінде аймақтық журналистиканың дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан азамат. (ақпан 2010)
Жанарбек Әшімжан,
ақын, «Қаламгер-Медиа» ЖШС директоры
***
Ғалым Әріптің «Мәңгілік мұратымыз – Тәуелсіздік» атты публицистік жинағына енген мақалалардың қай қайсысы да оқырманға ой салмай қоймайды. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» кітабында публицистиканы «көсем сөз» деп атаған. Ғалекеңнің сол көсемсөзі уақыт тамырын тап басып, дәл танып тұрған дүниелер.
«Қазақстан-2030: Мен қалай елестетемін?» деген Ғалым Әріптің көсемсөзіне зер салайық. «Мен әлдебіреулер сияқты өз халқын менсінбей, немесе даттай, немесе оған жаманаттың бәрін үйіп-төгіп салатын адамдардың пікіріне қосыла бермейтін топтанмын. Өйткені, қай кезде болмасын, қанын да, арын да таза сақтаған біздің халқымыз өзінің қабілет-қарымы, өнер-білім мен қандайма іске де үйірім-икемі жағынан ешбір ұлттан олқы соқпайды. Әрине, біз экономикалық-әлеуметтік, ғылым мен техника, электронды өркениет көшіне енді ғана бағдар түзеп жатырмыз. Етек-жеңімізді жия бастадық. Мемлекетіміздің алтын шапақты, Күн шеңберлі шаңырағы төбемізде тіктеліп, уықтары шаншылды, керегелері қанат жайды. Бір кездегі киіз туырлықты қазақ енді әлемдік қауымдастық, әлемдік кеңістікке шықты...
Ел тізгінін ұстаған еңсегей азаматтар ел ішінде тыныштық пен татулық, ынтымақ пен жарасым болса ғана, ырыс жұғысты боларына толық көз жеткізіп отыр. Біз үшін жерімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың тату-тәттілігі қандай қымбат болса, қазақтың бірлігі одан да қымбат. Жүзге бөлініп, жүзіміз күйіп жүрмегей. Руға бөлініп, іргеміз сетінеп жүрмегей. Жеті атамызды да, бүтін қазағымызды да жіліктей шағып, ата тарих-алтын тамырымызды түп-тереңнен тани, тарата білсек, ұлттық қалыптасуға, біртұтастыққа жетісе алатын болармыз.
Мәңгілік маңызын жоғалтпас осынау ынтымақ пен бірлік, халықтық қасиеттерді Ертеңге жалғайтын бүгінгі жас ұрпақ екенін баршамыз білеміз. Мен сол ұрпақтың тағдырына алаңмын! Өйткені, өскелең ұрпақтың бойына арғы-бергі ата-бабалардан келе жатқан ұлттық менталитетімізге тән қадір-қасиеттерді - кестелі қазақы тіл, «қанына тартпай тұрмайтын» қазақы діл, жүректерге имандылық пен ізгілік ұялататын мұсылмандық дін ұрығын әбден сеуіп, сіңірмейінше, қысқасы, Қазақ атты ұлы халықтың о бастағы ұлттық кескін-келбет, бітім-болмысын қайта жаңғыртпайынша, біз ешкімнен де оза алмас едік.
Өйткені, өзгеге ұқсамайтын өз тұлғасы бар(сұлбасы емес), салт-сана, дәстүрі бар халық мәңгілік! Бұрынғының көзі десең көзі, сөзі десең сөзі – абыз ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің азайып бара жатқанына қиналатынымыз да сондықтан...»
Ғалым Әріп айналада болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмайды. Көргендерін ой елегіне салады. Маржандай әріптерімен күнделігіне түсіреді. Мәселен, «...Әрбір адамның, әрбір ұлт өкілінің ана тілі - өзі алғаш еміп, нәр алған, дүниедегі ең бір асыл санайтын анасының емшек сүтіндей. Өмірге ынтыққан бал бөбек, міне, осы ана сүтіне қалай іңкәр болса, қалған бүкіл саналы ғұмырында өзіне ар-намыс, бақыт-базар, азық-қорек болар ана тіліне де ешқашан тойынбай, сусап өтері, қанымен тартары даусыз әрі заңды құбылыс. Сонау жаппай қудалау, лениндік ұлт саясатының өрескел бұрмалануы, одан бергі тоқырау заманында халқымыздың басына түскен қара бұлттың зұлмат көлеңкесімен бірге тілімізге тиген қасіретті жағдайларды да айналып өте алмаймыз бүгінде. Осынау мерзім ішінде республикамызда 700-ден астам қазақ мектебінің мүлде жабылып қалуы, қанша ғасырлық тарихы, ауыз әдебиеті, мәдениеті, тілі, кең-байтақ территориясы бар қазақ халқының рухани дамуына, кемел көкжиектерге қадам басуына айтарлықтай тежеу салды емес пе?!. желтоқсан, 1988», - деген жазбасын қарайық. Таза ұлттық ұғымға суарылған жазба!
Немесе, мына жауһар сөзге жанар үйіртсек. «Жер! Мұнайды, газды жер қойнауынан алған дұрыс болар – елді көркейту үшін! Бірақ, жер тозып барады ғой! Аралдан анау заманда айрылып қалдық, ал өз билігіміз өз қолымыздағы мынау заманда Каспийді қайраңдап қалмайық! Саясат-экономика-экология біртұтас жарасым тапса демекпіз.
Тіл! Бұл тікелей өзімізге байланысты, құрметті ата-аналар! Бәрі де отбасынан, үйдегі тәрбие бесігі және мектептегі, оқу орындарындағы тәрбиеге байланысты. Отбасылық тәрбиеден ана тілімен нәрленіп өскен бала оның қасиетін ешқашан жоғалтпайды. Бірақ, ана тілін ардақтауды бойлай айтып отыру керек.
Дін! Біз осы жағына осалмыз. Қазіргі жастар «советтік» емес, жаңа қоғамда өмір сүріп жатыр. Ендеше, ата-бабалар таңдаған мұсылмандық жолға шаң тигізбей, имандылыққа, әдептілікке үйренуі керек.
Діл! Ой, қайран, қазағым-ай! Арғы тамырың мықты еді-ау. Алтынның сынығындай ардақты аталар мен әжелер, сендер кеткесін дүние не болар екен? Мен содан қорқамын. Ұлттық ар-намыс, салт-дәстүр, текті қасиет, жөн-жоба, әдет-ғұрып, ұлттық түсінік-түйсік, кісілік болмыс жойылып кетпегей-ді... («Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен сымбатты», 22.10.2002)».
Автор осы төрт тағанды Темірқазық ұстаным етіп алады. Бұл – Отанын сүйген, отына күйген адамның өмірлік ұстанымы!
Бір сөзбен айтқанда, Ғалым Әріптің топтама көсемсөзі ұлттың олжа толтырар ұтысы деп бағалауға болады! (30.10.18)
Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.