Жақсылық пен ізгілік жолындағы өлеңбаянын ел өмірбаянына тоғыстырған, киелі Маңғыстаудың пейілді перзенті Ғалым ӘРІПТІҢ ақындық-азаматтық болмысы туралы сыр мен сымбат
1974-жылдың қыркүйек айы. Маңғыстаудың торғай шырылынан басталатын аптабы байырқалап, жанға жайлы, жүріске қолайлы шақ дамылдаған сәтінде сол кездегі Шевченко қаласына жеттім. Өткен наурыз айында келіп, осындағы облыстық газетке тілшілік қызметке орналасатын болып, басылым басшысы Рысхан Мусинмен келісіп кеткенмін. Алып-ұшып жеткенде ағамыз сөзін жұтып, «адам алып қойғанын» айтып, салқындау шығарып салды. Бірақ сәтін салғанда облыстық Телерадио ұжымында бір редакторлық орын болып, сонда орналастым. Және бұл орын маған өзім қалаған әдебиет әлеміне бір табан жақын болып шықты. Қызметке құлшына кірісіп, ең алғашқы хабарымды «Абай поэтикасы» деген тақырыппен аштым. Одан кейін Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Сағи, Төлеген ақындар туралы «Өлең және өмір» деген хабарлар дестесін жасадым.
Ол кезде Шевченко қаласы шағын, халқы да көп емес болатын. Әсіресе өз қандастарымыз азаң еді. Сондықтан да болар, оның үстіне Маңғыстау жұртының өнерге деген өміршең көзқарасынан болар, әйтеуір әр хабарға көрермендерден хат-хабар, жылы пікірлер мен ұсыныстар түсіп жататын. Мен де өңірдің танымал азаматтары туралы құлақ түре жүріп, ел қадірлеген ағаларымды тани бастадым. Солардың ішінде тектес екі адам алғашқылардың бірі болып назарыма ілігіп, облыс орталығында өтіп жататын жиналыс, бас қосуларда олармен әуелі сырттай, кейін уақыт өте келе іштей таныс-біліс болдым. Әрине, ол кезде менің жасым 22-23-те еді. Әлгі ағалармен етене араласудың реті келе қойған жоқ, бірақ олар менің көңіл таразымда жағымды кейіпкерлер болып тұрақтанды. Олар өңірге белгілі Бисенбі және Дүйсенбі Әріповтер болатын. Одан кейін аңыз ақсақал Алшын Меңдалиевті көрудің, сәлем берудің сәті түсті. Атақты мұнайшылар Смағұл Жалғасбаев, Бегім Зейналова, ақын-жыршы Мұрат Өскенбаев, домбырашы Орын Құлсариев сынды тұлғалармен де таныс-біліс болудың орайы келіп, олардың тәлім-тәрбиесін көрдім.
Осылардың ішінде екі аға – Бисенбі мен Дүйсенбі, бір үйдің балалары болғандықтан да болар, маған бұрыннан білетін азаматтардай жылыұшырап, олар туралы жүрекжарды ойларым әркезде ортаға түсіп отырды. Бұл кісілердің жүріс-тұрысында, сөз саптауында, адамдармен тіл қатысып, дегдарлық танытуында, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық білдіруінде пайымды парасаттылықтары тереңнен танылып тұратын. Кейінгі жылдарда әсіресе, Дүйсенбі ағамен көп кездесіп, талай рет әңгімелесіп, кейде телефон арқылы хабарласып, пікір алмасып тұрдық. Тіпті қайтыс боларының алдына дейін ол кісі өзі телефон шалып, уақыт, заман, әдебиет пен өнер, дін туралы кеңінен сөз толғап,Әбіш Кекілбаев ағамыздың шығармашылық кезеңдері мен тұрмыс-тіршілігі хақында әсерлі әңгіме, сындарлы сыр қозғайтын. Тектілік пен тәлімділік, таным мен талғам секілді екінің бірінің көкірегіне біте бермейтін абыз қасиеттерді осы Дүйсекеңнен көп көрдім. Ел ағаларының елеулі сөздері маған өмір сабағы болды.
Мұны неге айтып отырмын? Халқымызда «тегіне тартқан тек тұрмас» деген тәмсіл бар ғой. Белгілі ақын, танымал журналист, пайымды публицист, белсенді қоғам қайраткері, ізденімпаз өлкетанушы, баспагер, әдеби консул, ең бастысы қарапайым да қайсар мінезді Ғалым Әріп інім 60 жасқа толғанда жоғарыда ойға түскен кезеңдер кестесі түзіліп түсті. Ғалым арғы жолмен қуғанда маған нағашы, бергі жолмен індеткенде әріптес, қаламдас, қанаттас, пікірлес, пейілдес азамат. Оның қияқтай қара мұртының өзі қайсарлықтың хас белгісіндей болып көрініп, албырт жастықтан алысқа ұзап кете қоймаған мінезді байқатып,«айтпаса сөздің атасы өледі» деген мақалды малданған болмысы желді күнгі желкендей қанатын қағып тұрады. Жақсының көзіндей, тұлғаның сөзіндей болып таралып келе жатқан тектілік туралы айтқанда, сөздің қазықбауын осы қасиетке шалып байласам, шындықтан шығандап кете қоймаспын деп ойлаймын. Алпыс жастың асуына иек артқан інімнің әлгі айтқан сан алуан қырының бәрін түстеп, түгендеп шығу шарт емес болар, үзеңгісін байлаған екі-үш қырына шылбыр жалғап көрейін.
Алғашқысы – ақындығы. Оның ақындығында азаматтық позиция алдыңғы орынға шығып, жырдың мазмұны ұлттық бояуын көрсетіп, қаламгердің болмыс-бітімі бой-сойымен көрінеді. Әрине, оның қаламынан туған бірнеше кітаптан тұратын өлеңдері мен дастандарын, әсіресе публицистикалық поэзиясын талдап-таратып жазу бір мақаланың шеңберіне сыймайды. Мен бұл орайда оның ақындық-қайраткерлік үнін қайыра бір тыңдап көріп, соны оқырмандарының ниеттес назарына бергенді жөн көремін.«Өлеңге әркімнің де бар таласы» деген Абай ұстанымын ұстанатын әрбір ақынның жеткен жері мен мүлт кеткен жерін оқырманның қырағы көзі қалт жібермей көріп отыратынын білгендіктен, Ғалым ақынның ұлтшыл-елшіл реңдегі поэзиясын, оның елдің бүгіні мен ертеңіне жаны ашып,алаңдайтын азаматтық кредосын таныту мақсатын ұстандым. «Зымыран заман қас-қағым,Сәл шалыс қадам баспағын.Ғарышқа сал даңғыл жол,Тәуелсіз Қазақстаным!» десе, мұны ақынның туған халқының алдындағы тазалық пейілі деп орынды атауға болады. Оқып көріңіз:
Жете сүйген ұл едім мен ұлтымды,
Жетесіз деп даттамаймын жұртымды.
Жасықпын деп айта алмаймын әманда
Жоғалтуға айналсам да ғұрпымды.
Өз халқын сүйген, өзін осы ұлттың мұрагері деп сезінген ақынның осылай деп ағынан жарылып айтуына сенбеске әддің жоқ. Жалпы, Ғалымның өлеңдерінде көбіне заман тынысын сезіну мен уақыт алға қойған күрделі мәселелердің түйінін тарқатуға деген құлшыныс анық байқалады. Ақын қай қоғамда да жамандыққа оппонент екенін ескерсек, оның поэзиясындағы прагматикалық-харизматикалық ой тоғыстарын жұртын сүйіп, қадірлеудің көрінісі деп бағалауға тұрарлық. Ол шығармашылық ғұмырында дастандарды да, балладаларды да өндіре жазған қаламгер. Сонымен қатар киелі де қасиетті өлке Маңғыстаудың тылсым тарихын, шегендеулі шындығын індете жазуда оның публицистикалық дастандары оқырманның көңіл көкжиегін кеңітіп, түбек келбетінің кешегісін кемел, бүгінін бедел етіп баяндайды, тарихи танымының адымын аша түседі. Дерек пен дәйекке құрылған дастандары ақынның үнемі аңшылық аңдампаздығын, саяткерлік сүрлеуін көрсетеді.
Ал Ғалымның қысқа лирикалары өз алдына бір шоғыр. Адами болмыстың әр алуан қырын көрсететін тақырыптарды игеруде ол тағы да түйінді ой, түбірлі пікір айтуға тырысып, жанрдың жауапкершілігін жете сезінеді. Осы орайда оның әріптес-курстас жолдасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мына бір пікірін қайталап көрсек, онымыз артық болмас:Ғалымның жан жарына арнаған «Бибігүл» поэмасы туралы «Бұл әлем ақындары арасында өз жарына арналған тұңғыш поэма» деп баға берген екен. Айтса айтқандай-ақ. Ақын тағы бір махаббат лирикасында, жарына арнаған жүрек лүпілінде:
Сен – тамашасың!
Қуанасың бақытқа балаша шын.
Ақ қайыңның астында сүйіскенде,
Ерініме түсетін қара шашың, - дейді. Соңғы жолы соны әрі айшықты. Бұдан отыз жылдай бұрын жазылған сезім, махаббат жырларында ақындық қуаттың қызуы жүректі шарпыса, кейінгі кезеңдердегі сезім жырлары елшіл, отаншыл реңге ауысып, туған елге деген ақындық махаббат ажарын аша түседі.
Жалпы, Ғалым шығармашылығын пайымдағанда маған оның ақындық қуаты дастандарында барынша ашылатынын байқадым. Ол оның ақындық қуатының алысқа тартқан ағысын, жан дірілінің қағысын білдіреді. Қазір дастан жазатын ақындар азайды. Бір кездері, Сырбай мен Ғафудың, Тұманбай мен Сағидың, Мұқағали мен Жұмекеннің уақытындағы дастандар дестесі, одан әрідегі Хамит пен Қалижанның, Ғали мен Тайырдың, Әбділда мен Әбудің кесек-кесек дастандары заманның ұшпалық кезеңінде поэзияның шағын жанрында дендеп бой көрсетіп, Серік Ақсұңқарұлының серпердей, Ғалым Жайлыбайдың желкендей дастандары ғана кезіндегі кемел жанрдың келмеске кетуінен қорғап тұр.Дастаншыл ақынның бірі – Ғалым Әріп. Әсіресе тәуелсіздік тағдырын жырлаудағы Ғалым дастандары оның азаматтық қайраткерлігі мен ашық позициялық белсендігін жақсы көрсетеді.
Көп дүниенің теңін шешіп, таратып айту да оңай емес, сондықтан бұл жолы оның Ғалымның драмалық поэмасы – «Ақын арманы» туралы аз-кем айта кетсек, мұндағы эпикалық жанрдағы әдеби тәсіл орынды басталып, автор оның аяқталуын ұрпағының есімін тың ат – Рухсана деп қоюымен шендесіп, жаңа толқынның алдында тұрған халықшыл міндеттер авторлық қорытынды болып тұжырымдалады. Кезінде Дихан баба Әбілев Сұлтанмахмұт туралы «Ақын арманы» деген екі томдық дилогия жариялағаны еске түсті. Ойлана қарасақ, кез-келген ақын арманы – туған елге адал қызмет ету. Осы тұрғыдан келгенде, Ғалымның арманы да қазақ даласының шамшырағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арманымен, рухымен үндес. Бұл поэманың негізгі табысы деп айтуға тұрарлық. Рух пен сананың солғындаған кезінде ұлт рухын оятудың бір себепкері секілді бұл шығарманы драмалық дастан деп жанрлық жағынан жіктеудің орындылығы осыдан байқалады.«Ақын боп өмір сүру оңай деймісің, қарағым» деп Төлеген төгіп айтса, «барлық ақын баласы бір ананың» деген айшықты сөз ақын атаулының азаматтық міндеті қандай екенін қапысыз көрсеткендей. Демек, Ғалым үнемі ізденіс үстіндегі, тапқанын туған еліне арнап келе жатқан ақын.
Ғалымның екінші қыры – көсемсөзшілігі. Публицистиканы көсемсөз деген терминді біз тәуелсіздіктің қарсаңында пайдалана бастадық. Кезінде Алашорда қайраткерлеріне деген коммунистік-нигилистік көзқарастан қорыққандықтан бұл атауды баспасөзге басыбайлы ете алмағанымыз рас. Ғалым бұл салада да дендеп қызмет атқарып келе жатыр. Ол поэзияны өзінің кәсіби мамандығы – журналистикамен қатар ұштастырып, тәуелсіз еліміздің тарихи кезеңдері, халқымыздың қилы тағдыры, бабалар кешкен бағзы жол, ата-салт, ана дәстүрі жайлы үздіксіз қалам тербеп келе жатыр. Осы орайда оның қаламынан туған саяси көсемсөздерді саралай отырып, азамат ретінде қазақ жұртының тағдырына шынайы пейілмен алаңдайтын қаламгерді анық танимыз.
Ол тәуелсіздік жылдарында осы салада көп қызмет атқарды. Ел тарихының елеулі шақтары, егемен кезеңнің тыныс-тіршілігі оның «Мәңгілік мұратымыз – Тәуелсіздік» атты көсемсөздер жинағында жан-жақты ашылады. Ғалым ұзақ жылдар бойы Маңғыстау өңіріндегі еңбек адамдарын жырлауда, жазуда, тарихи өлкенің бүгіні мен болашағына қызмет етуде кез-келген мұнайшы, газшы, геолог, тасшы, жолшы, малшыдан бір мысқал кем еңбек етпеген азамат. Оның жазған мақалаларын, көсемсөздерін, ұсынақты ойлары мен жедел жазбаларын, көкейтесті пікірлерін жинақтаған кітаптың өне бойы осы өлкеге деген перзенттік махаббаттан тұрады. Сонымен қатар, әдебиет, өнер, салт-дәстүр, ұлттық талғам мен тағылым, руханияттың шетін де шамырқанған шептері туралы ойлары мақалаларға түскенде ол халықшыл мінберден қаймықпай сөйлейді.
Ғалымның үшінші қыры – журналистігі. Бұл жөнінде тілге тиек берсек, белгілі қаламгер, бүгінгі сенатор, жүйрік журналист Нұртөре Жүсіптің Ғалымның журналистика саласындағы еңбегі туралы айтылған түйінді пікірін тұжырым ретінде келтірсек, оқырман бұған өз дауысын береді деген ойдамын.
«Тіл! Бұл тікелей өзімізге байланысты, құрметті ата-аналар! Бәрі де отбасынан, үйдегі тәрбие бесігі және мектептегі, оқу орындарындағы тәрбиеге байланысты. Отбасылық тәрбиеден ана тілімен нәрленіп өскен бала оның қасиетін ешқашан жоғалтпайды. Бірақ, ана тілін ардақтауды бойлай айтып отыру керек.
Дін! Біз осы жағына осалмыз. Қазіргі жастар «советтік» емес, жаңа қоғамда өмір сүріп жатыр. Ендеше, ата-бабалар таңдаған мұсылмандық жолға шаң тигізбей, имандылыққа, әдептілікке үйренуі керек.
Діл! Ой, қайран, қазағым-ай! Арғы тамырың мықты еді-ау. Алтынның сынығындай ардақты аталар мен әжелер, сендер кеткесін дүние не болар екен? Мен содан қорқамын. Ұлттық ар-намыс, салт-дәстүр, текті қасиет, жөн-жоба, әдет-ғұрып, ұлттық түсінік-түйсік, кісілік болмыс жойылып кетпегей-ді... («Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен сымбатты», 22.10.2002)».Автор осы төрт тағанды Темірқазық ұстаным етіп алады. Бұл – Отанын сүйген, отына күйген адамның өмірлік ұстанымы!Бір сөзбен айтқанда, Ғалым Әріптің топтама көсемсөзі ұлттың олжа толтырар ұтысы деп бағалауға болады!» Бұл пікірлерге алып-қосарымыз жоқ. Орынды, оңды.
Жақсы журналист болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін өмірлік таным, азаматтық болмыс, қайраткерлік қуат, тарихи сананы танитын талғам, қоғам өмірінің тынысын тап басатын сезім, көпке ақыл айта алатын имани-адамгершіл қасиет керек. Ғалым жылдар бойы осы қасиеттерді меңгеру жолында тер төккен жан. Журналистік түйсік пен өмірлік пайым ұштасқан кезде ол адам өз ортасына ой тастауға құлықты да құқықты бола алады. Демек Ғалым Әріп осынау алпыс жастың өріне өңірге де, өзіне де берілген жүкті көтере алатын рухани дайындықпен келіп отыр. Рухы күшті адамның ұлтқа жанашырлықпен тіл қатуы оның азаматтық болмысының деңгейін көрсетеді.
Ғалым талай жылдардан бері облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарып келеді. Қазір газет шығарудың техникалық жағы бұрынғы кезеңмен салыстырғанда анағұрлым жақсарды, бірақ топан ағыстағы ақпараттар заманында оқырман көз тоқтататын басылым шығару барынша қиындады. Бұл қызметті атқарудың қиындығы да осында, қызығы да осында. Иығына түскен осынау қоғамдық-саяси жұмыстың бел ортасында жүрген азаматтың:
Маңғыстау, неткен шексіз ұлы ұғым ең,
Төсіңнен нәріңді емген бір ұлың ем.
Бесіктен белім кетпей шырылдадым,
Оянып бозторғайдың шырылымен.
Отыққан туған жердің тұнығымен,
Қыр асқан құба белден құлының ем.
Толғаған тоқсан ауыз толғауыңды,
Өзіңмен тіні үзілмес жұлының ем, - деп ағынан жарылуында алғаусыз шындық бар. Өйткені бүкіл Маңғыстаудың тыныс-тіршілігі күн сайын оның көз алдынан өтіп жатыр. Маңғыстаудың бас газеті – осы өлкенің ағымдағы энциклопедиясы.
Кеңестік кезеңде заманымыздың заңғары Әбіш Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты деректі проза кітабы тек Маңғыстауды ғана емес, күллі қазақ оқырманын дүр сілкіндірген. Жерінің асты тұнған байлық, тарихы тұнған байлық, мәдени-тарихи ескерткіштері тұнған байлық, өнері мен әдебиеті тұнған байлық, салт-дәстүрі тұнған байлық, әдет-ғұрпы тұнған байлық екенін кеңінен аша отырып, жиырмасыншы ғасырды жалт қаратқан жарты аралдың және бір негізгі байлығы оның талантты ұл-қыздары дегенді жан-жақты ашып көрсеткен болатын. Сол адами байлықтың ішінде бүгінгі ұрпақтың да лайықты қолтаңбасы бар. Әсіресе ақындары арғымақ, таланттары тас жарған топтың арғысын айтпағанда, бүгінгі жыр орбитасында жаққан жұлдыздарыназар аудартып келе жатқан Айтуар Өтегенов пен Мырзағали Іңірбаев, Светқали Нұржан мен Сабыр Адай, Анар Шамшадинова мен Әнуар Бимағамбеттертобындағы қаламгерлердің бәрін Маңғыстауды қалай жақсы көрсем, оларды да туған бауырымдай жақсы көремін. Еңбек сапарыма жолдама берген Ақтаудың Шевченкодан ақ маржан қала Ақтауға айналуына тарының дәніндей үлес қостым десем, онымды бауырларым артық сөзге баламас. Маңғыстау маржандарының бәсі қашанда биік. Маңғыстау – жыр өлкесі, нұр өлкесі, сыр өлкесі, талантты қазақтардың қасиетті төрі. Осы төрден азамат ақын, елгезек қаламгер Ғалым Әріпті көрумен келемін.
Жырға ғашық жүрекпен жұртына ғашық болған, жырға ғашық жүрекпен оқырманына орайлы сөзін бағыштаған, жырға ғашық жүрекпен жақсылық пен ізгілік жолындағы адами майданда мінберлі шептен көрініп, өзінің тағдыр-талайына біткен сөз-қаруын, өлең-жырын, көсемсөзін, ойлары мен пікірлерін отбасының ғана олжасы емес, Отанының қазынасы ретінде көрсетіп, қарымдылық танытып келе жатқан Ғалымның алты белесі жемісті жылдарға жалғаса береді деп сенемін.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері