© Фото mk.ru
Маңғыстау облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Құрқынбаева облыста коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына және кәсіпкерлік субъектілеріне адамдар көп жиналатын мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге шектеу қойды. Сондай-ақ, коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз шетелдерге ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлерінің жұмыс сапарларын шектеуді сұрады.
Бұдан басқа барлық мекемелер мен кәсіпорындарда дезинфекциялау және жуу құралдарының жеткілікті мөлшерін қамтамасыз етіп, қолды өңдеуге арналған антисептикалық құралдары бар диспенсерлерді орнату қажет. Барлық үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, ғимараттардағы ағынды-сору желдеткішіне ревизия жүргізіп, тазалау, дезинфекциялау және жуу құралдарын қолдана отырып, ылғалды жинауды жүйелі түрде жүргізу керек.
Гүлнар Құрқынбаева қалалық және аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының басшыларына коронавирусты инфекцияның алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.