Халық арасында «ANTIKOR ORTALYǴY» қызметін кеңінен насихаттау мақсатында республикалық «Adal kómek» акциясы өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Еріктілер жылы» қарсаңында бастау алған акцияның негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін заңгерлік кеңестер беру.
Айта кетейік, Маңғыстауда 20 ақпан күні «ANTIKOR ORTALYǴY» ашылған болатын. Ал 22 ақпан күні «Adal kómek» акциясы аясында азаматтардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізілді.
Еріктілердің қатарында Маңғыстау облысының адвокаттар алқасының төрағасы Рашид Сәулебаев, адвокат Әлия Ахметова, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы Берік Қолдасов, сондай-ақ студенттер бар. Ал «ANTIKOR ORTALYǴY» тарапынан Департамент басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков қатысты.
Облыс көлеміне белгілі тәжірибелі адвокаттардың тәлімді әңгімесін, қызықты оқиғаларын, кәсіби ақыл-кеңесін тыңдаған болашақ заңгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын ортаға салып, толымды жауаптар алды.
Айта кетейік, азаматтық қоғам мен жастар арасында еріктілікті дамыту үшін ұйымдастырылған «Adal kómek» акциясы әр аптаның сенбі күні өткізіледі.